Өңірлік қолбасшылық ұстаханасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Жұмысшылардың еңбегіне лайықты баға берілетін жылға орай жуырда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлерін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ететін 01731 әскери бөліміне барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Шеберлер темір балқытып, техниканың «тілін» табады
Негізі 01731 әскери бөлімін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұстаханасы деуге болады. Себебі әскери құрылымға қарасты барлық техника осында жөнделеді. Түптеп келгенде ұрыс әрекеттеріне жарамды техника мен қару-жарақсыз ешбір әскери қызметкер өз міндетін орындай алмайды. Осы орайда 01731 әскери бөлімі қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Әскери бөлімде бір жылда шамамен 100-ден аса жауынгерлік техника қалпына келтіріледі.
Полктың тарихы 1968 жылдан басталады. Сол жылы Құрлық әскерлері бас штабы мен Орта Азия әскери округі штабының ұйымдастыру-жұмылдыру баскармасының пәрмені негізінде Семей қаласында сауытты танк техникасын жөндеу жеке батальоны кұрылады. Подполковник А.А. Караблев 1971 жылы 1 желтоқсанда Семейде сауытты танк техникасын жөндеу батальонын қайта құрып, батальонға «01731 әскери бөлімі» деген атау берілген екен. Ал 2000 жылы батальон Тараз каласына көшіріліпті. ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен 2014 жылы батальон материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкі болып ауысады.
Қазіргі уақытта әскери бөлімді білікті командир, подполковник Рауан Шәкіров басқарып отыр. Рауан Жеңісбекұлының айтуынша, полк «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығына қарасты бөлімдердің әскери техникаларын ағымдағы жөндеуден өткізіп, қалпына келтірумен айналысады.
Әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен таныса жүріп жөнделіп жатқан танктер, жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналары, сондай-ақ ракеталық және артиллериялық қарулар мен доңғалақты көліктерді көргенде сарбаздардың әскери міндетін мүлтіксіз атқаруын осы бөлім мамандары қамтамасыз ететіне көзіміз анық жетті. Бір айта кетерлігі, полк міндеттеріне қару-жарақ пен әскери техниканы қалпына келтіру, эвакуациялау және жөндеу ғана емес, азық-түлік, жанар-жағармай, оқ-дәрі секілді керек-жарақты дер кезінде жеткізу де кіреді.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкінде тек әскери қызметкерлер ғана емес, қарапайым азаматтар да еңбек етіп жүр. Алайда ондағы шеберлердің барлығы зейнетке шықпастан бұрын әскери салада жұмыс істеген. Бөлімнің тағы бір ерекшелігі, мұнда қос бірдей Ауған соғысының ардагері, аға прапорщик Анатолий Букша мен ҚР Әуе қорғаныс күштері зейнеткері Иван Шевченко жұмыс істейді.
Кезінде ҚР Әуе қорғаныс күштерінде қызмет еткен Иван Шевченко Ауған соғысына 18 жасында аттаныпты. 1988-1989 жылдар аралығында майдан шебінде болып, басын қатерге тіге жүріп, жаумен арпалысқан.
Әскери бөлімдегі жөндеу, қалпына келтіру цехтарын аралаған біз келесі кезекте шағын ғана тігін цехына бас сұқтық. Дәл осы уақытта кіші сержант Толқын Төлегенова тігін машинасымен әскери қызметкерлерге қажет бұйымдарды тігіп жатты. Тігіншінің айтуынша, цехта жауынгерлерге арналған сөмке, белдік тігіледі екен. Мұнда барлығы қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердің тапсырысы бойынша дайындалады. Тігіліп болған өнім қаппен қажетті бөлімге жеткізіледі. Толқын Төлегенова материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінде 2 жылдан бері еңбек етіп жүр.
Сондай-ақ аға сержант Уалихан Бегімбетов жалғыз өзі еңбек ететін токарьлық цехтың жұмысымен таныстық. Дәнекерлеуші маман шеберханасында темір жонып, әскери техникаға қажетті керек-жарақтарды әзірлейді. Әскери бөлімде он жылдан бері тер төгіп келе жатқан Уалихан кәсіби білімі бар дәнекерлеуші маман болмаса, мұнда жұмыс істеу қиын екенін айтады.
Мұнан соң әскери жүк көліктерін жөндейтін цехқа бас сұқтық. Көлік жөндеу шебері Талғат Ақмолдаев зейнетке шықпастан бұрын 5-механикаландырылған бригадада әскери көлік жүргізушісі болып еңбек етіпті.
Әскери бөлім мамандары қызметтік міндеттерін өз шеберханаларында ғана емес, оқу-жаттығу полигонында, әртүрлі жаттығулар кезінде де орындайды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкі қызметкерлері жауынгерлік бөлімшелердің соңынан еріп, жөндеу жұмыстарын полигонда жүргізетін кездері аз емес. Шеберханаларын полигонда орналастырған жөндеуші мамандар демонтаждау және монтаждау жұмыстарымен айналысып, шұғыл қажет болған жағдайда радиаторларды, атыс қаруларын, оптикалық аспаптарды, дәнекерлеу және токарьлық бағаналарды жөндеп, әскери техниканы қайта қалыпқа келтіріп береді.
Басқа әскери бөлімдердегідей жауынгерлік тапсырмалар мен жаттығулар жасап, ұрыс қимылдарына машықтанбайтын болған соң бұл полкке әскери борышын өтеуге сарбаздар жіберілмейтіні анық. Десе де өткен жылдан бері 01731 әскери бөлімінде де жас жауынгерлер әскери міндетін орындап жүр. Олардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтары бойынша білім алғандар. Сондықтан да мұндағы 30 шақты сарбаз, әскери билет алумен қатар кәсіби мамандарға көмектесе жүріп, тәжірибе жинақтайды. Шеберханада жүріп тер төккен қызметі еңбек өтілі ретінде есептелетіп, еңбек кітапшасына жазылатынын айта кеткен жөн. Бұл – тәжірибесі мен еңбек өтілі жоқ жас жұмысшылар үшін жақсы мүмкіндік.
Мұндай жауапкершілігі жоғары іс тәжірибелі шеберлердің мойнында болғанымен жас сарбаздарға да атқаратын жұмыс табылады. Абылай Қанатұлы мен Кирилл Нещадим әскерде танысқан достар. Жетісу өңірінен келген құрдастардың қызығушылығы да ортақ, ол – дәнекерлеу жұмыстары. Абылай Жетісудағы «Алакөл көпсалалы колледжінде» ағаш шебері мамандығын алғанымен әскерде дәнекерлеуші болып тәжірибе жинақтауды дұрыс санаған. «Сарқан көпсалалы колледжін» дәнекерлеуші мамандығы бойынша тамамдаған Кирилл болса өз саласында еңбек өтілін жалғастыруда.
Бір айта кетерлігі, аталмыш полктың ауыр жүк көліктерінің арқасында әр жылдары боранда далада қалған жеңіл көліктер мен тұрғындар қар құрсауынан құтқарылып келеді. Өткен жылы бірқатар өңірлерді тасқын су басқанда да осы полк көмекке барған болатын.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ