70 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды
Өткен жылы облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 11 рет өтіп, онда барлығы 74 мәселе қаралған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шарипов айтып берді.
Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша барлығы 227 ұсыным қабылданыпты. Оның 13-і тәртіптік іс, қалған 214-і профилактикалық сұрақтарды қарау нәтижелеріне қатысты екен. Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары толықтай орындалған.
Брифинг барысында Руслан Шамелұлы департаменттің өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.
Есепті кезеңде тестілеуден өтуге барлығы 4 290 азамат өтініш білдірсе, 1 075-сі тестілеудің шекті мәнінен өткен.
Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 31 тексеру жүргізіліпті. Тарқатып айтсақ, 11-і профилактикалық бақылау мен жоспарлы тексерулер, 20-сы жоспардан тыс тексерулер. Жүргізілген тексерулердің нәтижелерімен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 566 фактісі анықталып, бұзушылықтарды жою туралы 10 нұсқама және 12 ұсыну енгізіліпті. Нұсқамалар мен ұсынулар толығымен орындалған. Жүргізілген профилактикалық бақылаулар мен жоспарлы тексерулердің нәтижелерімен 70 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген екен. Нақтылап өстсек, 60 қызметшіге іссапар шығындары кешіктіріліп төленгені үшін тиісті өсімпұл сомалары төленіп, 10 қызметшінің қызметтерін бағалау мәселесі қайта қаралыпты. Одан бөлек жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 10 азаматтың құқықтары қалпына келтірілген, оның ішінде 7 мемлекеттік қызметші бар. Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 12 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға, сонымен қатар 26 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ