Мәдениет

Балалардың жүрегінен жол тапқан

ҚР Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Аq jol» газетінің аға тілшісі, жазушы Марат Құлибайұлы биыл мерейлі 50 жасқа толды. Мерейтой иесінің құрметіне Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатында «Балалар жүрегіне жол тартқан» әдеби кеш өтті.

«Жазушымен бір күн» жобасы аясында өткен кездесуге қаламгердің әріптестері мен достары қатысты.

Кеш барысында лицей-интернаттың оқушылары жазушының портретінен пазл-мозайка құрастырып, кеш авторына тосынсый жасады. Сонымен қатар өз кезегінде Марат Құлибайұлының құрметіне арнау өлеңдерін оқып, көрермендерді тәнті етті. Ал №66 орта мектептің оқушылары жазушының «Жеті ата» шығармасынан көрініс қойып, көрермендер көзайымына айналды. Жазушының туған жерінен арнайы келген «Жуалы» халық театрының актерлары мен Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектептің оқушылары «Жұман ата аманаты» әңгімесін сахналады.

Қазақ журналистикасының қайраткері Ақылжан Мамыт, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Баймаханбет Ахмет, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі, журналист Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын Есет Досалы да мерейтой иесіне ақ тілегін арнап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жалпы өңірдің ақпарат саласының дамуына үлес қосып, қазіргі таңда қара шаңырақ «Аq jol» газетінде жемісті еңбек етіп келе жатқан балалар жазушысының әлі де жас ұрпаққа берері мол.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ