Саясат

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің ертеңі саналатын жастарды тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және патриоттық рухын ояту жолында ата-ананың, зиялы қауым өкілдері мен ұлағатты ұстаздардың еңбегі зор. Осы мақсатта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.

Форумның шымылдығы бала тәрбиесін арқау еткен шытырман оқиғаларға негізделген сахналық қойылымен ашылды. Бұл қойылым арқылы жастарға өмірлік құндылықтар мен адамгершілік қағидалары көрсетіліп, тәрбиенің маңыздылығы жан-жақты ашылды.

Қойылымнан кейін форумның ресми бөлімі басталып, жиынға қатысушылар таныстырылды. Алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке беріліп, ол жастар тәрбиесі мен олардың қоғамдағы рөліне тоқталып, форумның маңыздылығын атап өтті.

Мұнан соң сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықов жастарға қатысты бекітілген заң нормаларына тоқталды.

Расында заң аясында жұмыс істеу қоғамдық тәртіпті бір жүйеге келтіретін маңызды фактор. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай елді ымыраға шақырып, құқықбұзушылыққа жол бермеу біздің басты міндетіміз. Себебі қоғамдағы қылмыстық оқиғалардың көбі жастардың қатысуымен орын алуда. Мәселен облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, 2024 жылы облыс бойынша жастардың қатысуымен құқықбұзушылық негізінде 843 700 әкімшілік хаттама толтырылған. 2 350 азамат әкімшілік қамаққа алынып, 1 699 адам қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.

Тәлім мен тәрбие бағытында берері мол басқосуға алыс-жақыннан арнайы қонақтар да шақырылған болатын. Мәселен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров жастарды білімді болуға, ел үшін қызмет етуге шақырып, адам болып қалыптасу жолында бабалардың ұстанған бағытына бет бұру керектігін айтты.

Ал танымал журналист-блогер Өркен Кенжебектің айтуынша, жастар болашаққа деген жоспарын нық сеніммен құруы тиіс.

Иә жоғарыда айтылған мысал мен көтерілген мәселелер күнделікті өмірде кездесіп жүр. Қазіргі таңда көптеген жасөспірімді қандай мамандық иесі болатыны, қандай адам болып қалыптасатыны толғандырады. Міне осы мәселе аясында ел азаматтарының берген кеңестері кәдесіне жарары анық. Кез келген тұлғаның адам болып қалыптасуына асыл дініміздің де берері мол. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы да адам болудың алғашқы қадамы Алланы танумен басталатынын атап өтті.

Форум барысында жастарды патриот болуға, ұлттық құндылықтарды бағалауға, бабалар ерлігін естен шығармауға бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ