ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ДИНАСТИЯСЫ
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ДИНАСТИЯСЫ
Әулеттің үлкені, жоғары санатты мұғалім, Түймекент орта мектебінің ардагер ұстазы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Серік Мамырбаев 1932 жылы 21 қаңтар күні Байзақ ауданы Құрама ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз «Ұстаздық жолды таңдауыма «Ликбез» себепкер болды. Соғыс жылдарының алдында «Ликбез» (ликвидация безграмотности) деген оқу шықты. Аптасына екі рет орта жастағы адмдарды жинап, шаш қойған бір жас жігіт сабақ өткізді. Мен әлгі мұғалімнің жүріп-тұрғанына қарап, қатты қызығатынмын. Болашақ мамандығымды таңдауыма сол кісі әсер етті» дейді. Серік Мамырбаев ұстаздық жолын 1951 жылы В.И.Ленин атындағы жетіжылдық мектепте аға пионер вожатый болудан бастаған. 1953 жылы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, жақсы бітіріп шығады. Мұнан соң Жамбыл орта мектебіне тәрбиеші болып орналасып, 1958 жылдан 1961 жылға дейін Чапаев атындағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі, 1961 жылдан бастап Ақжар орта мектебінде мұғалім, 1963 жылы директордың орынбасары болып қызмет істейді. Соңғы қырық жылы Түймекент орта мектебінде өткен. Осы жылдар ішінде С.Мамырбаевтан тәлім алып шыққан бірнеше шәкірт бүгінде түрлі салада абыроймен еңбек етіп келеді. Ғұмырының 51 жылын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз 1992 жылдан бастап зейнеткер. Жарты ғасырға жуық еңбек жолында қаншама шәкірт тәрбиелеп, қиялына қанат бітірген ұстаздың дара жолы өнегеге толы. Қария қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып келеді. 2 жыл аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарады. 10 жыл аудандық білім бөлімінде қазақ тілі және әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі болады. 10 жылдай аудан көлемінде оқушылардың «Білім сайысын» ұйымдастыруға атсалысады. 17 жылдай облыстық білім басқармасында алтын-күміс медаль иегерлерінің шығармаларын тексеру комиссиясының мүшесі болып, жас ұрпақ білімін бағалауға қатысады. «Атадан – аманат, ұрпаққа – ұлағат» облыстық ақсақалдар сайысына қатысып, жүлделі орынға ие болады. Бұдан бөлек, 2003 жылы «Төл туындылар» деген кітабы жарыққа шығып, оқырмандарының оң бағасын алады. Осындай дарынды ұстаздың алған марапаты бір төбе. Жары Манат Ерназаровамен шаңырақ көтергендеріне биыл 63 жыл толады. Екеуінен тараған 15 ұл-қыз өмірден өз жолдарын тауып, өнегелі отбасының ұйытқысы болып отырған асыл жандар. Оның ішінде әке жолын қуып, ұстаздықты жалғастырып жатқандары да бар. Үлкен қызы Гауһар Серікқызы Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі. Ұлы Жанболат Серікұлы Түймекент орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Ұлы Нұрболат Серікұлы Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы болып жұмыс атқарады. Қызы Жауһар Серікқызы Сарыкемер ауылында №1 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі. Тағы бір қызы Гүлмайра Серікқызы Үлгілі ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Қызы Гүлмира Серікқызы М.Мәметова атындағы негізгі мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. Ал Ақболат Серікұлы тарих және география пәні бойынша білім алғанымен, әскери саланы таңдайды. Балаларынан тараған 35 немере мен 39 шөберенің де арасында білім беру саласында еңбек етіп, ұстаздық қызметте жүргендері бар. – Бір кісі баяғыда: «Қу кәрілік, алысты көрмейтіндей етіп, сығырайтып көзді алдың, Ұмытшақ қылып ойымдағы айтайын деген сөзді алдың. Әлсіретіп бойымдағы күшті алдың, Кемсеңдетіп ауыздағы тісті алдың. Қисаңдатып денемдегі етті алдың, Мыжырайтып бетті алдың. Осындай қорлайтындай неңді алдым», деген екен. Сол кәрілік аяңдап маған да келді. Осы өміріме разымын. Ұстаз, ол – қоғамның айнасы. Ұстаз оқушыдан кемі 2 елі биік тұруы керек. Оқушының кез келген сұрағына жауап беруі тиіс. Мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы үшін оның жағдайы жақсы болуы керек. Бүгінде елімізде ұстаздарға жағдай жасалып келе жатыр, тәубе! Мен сол үшін қуанамын. Мен ешқашан перзенттеріме мұғалім боласың, ұстаздықты таңда деп айтқан емеспін. Олар маған қарап-ақ өз жолдарын таңдады деп есептеймін, – деді ардагер ұстаз сөзін ел амандығын тілеген батасымен аяқтап. Бүгінде кейіпкеріміз Серік Мамырбаевтың жасы тоқсанда. Жүрісі ширақ, денсаулығы қалыпты. Әлі де әлемде және елімізде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. Жиындарға қатысып, орамды ойын, жастарға ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес.
Айжан ӨЗБЕКОВА