Асық ойнайтын робот
Жыл өткен сайын техникаға жан бітіріп, ақылды робот құрастырып жүрген өрендер қатары артып келеді. Ғылымды дамытуға ынталы оқушылар арнайы үйірмелерге қатысып, робототехникамен жұмыс істеп жүр. Түрлі қызметті орындай алатын құлтемір құрастырушы жастардың қатарына Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназияның оқушылары Иманғали Төлеу мен Дамир Нұрбекұлын да қосуға болады.
Заманауи ғылымды меңгерген қос өрен өткен жылы асық ойнайтын роботтарымен Орал қаласында өткен «NatRoboCom 2024» (National Robotics Competition)» халықаралық жарысында жеңімпаз атанды.
Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыру, роботты құрастыру және бағдарламалау бағытындағы дарынды оқушыларды анықтауды мақсат тұтқан сайысқа елімізден және көрші мемлекеттерден 10-17 жас аралығындағы оқушылардан құралған командалар қатысты.
Иманғали Төлеудің айтуынша, робототехникаға қызығушылығы бала күнінен басталған. Дарынды өрен кішкентайынан-ақ анасы алып келген лего ойыншықтарын еш қиындықсыз құрастыратын болған.
Қазіргі уақытта 10-сыныпта білім алып жүрген жас дарындардың жетекшісі – Рахат Жұмағалиева. Информатика пәні мұғалімінің тәлімі арқасында Дамир мен Иманғали қызметтік роботтың кез келген түрін құрастыра алады.
Робототехниканы жетік меңгерген қос жеткіншектің арманы – цифрлық технология саласын дамыту.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ