Жастар

Өсімдік зиянкестерін жоюдың әдісін ұсынған жас ғалым

Кейінгі жылдары ағаш, өсімдік аурулары да өршіп барады. Ал бұл жағдай өз кезегінде жасыл желектің қурауына әкеліп соғады. Мәселені тереңінен зерттеген жамбылдық жас ғалым қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартудың тиімді жолын тапты. Зерттеуші Дана Мұхамедшәріптің сөзіне сүйенсек, кез келген өсімдікті емдеуде кәдімгі су балдырларын пайдалануға болады.

Дана қазіргі уақытта Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқиды. Жас ғалымның тың жобаны қолға алуына табиғатқа деген жанашырлығы себеп болған. Дананың айтуынша, өсімдіктерде болатын ауру қоздырғыштар ауылшаруашылық дақылдарына орасан зиян келтіруде. Әсіресе егін немесе тал-дарақтар, жеміс ағаштары үшін «Фитопатогенді саңырауқұлақтар» вирусы үлкен қауіпке айналып отыр екен. Саңырауқұлақ ауруларының кесірінен дәнді дақылдар әр жылдары 5 пайыздан 30 пайызға дейінгі аралықта шығынға ұшырауда. Ал аурулар жаппай өршіген жағдайда шығын көлемі 50 пайыздан асуы ғажап емес.

Әрі фунгицидтердің бағасы қарапайым шаруа үшін қолжетімсіз. Жас зерттеушінің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі сауда нарығында фунгицидтердің 125-ке жуық түрі бар. Алайда құны қалтаңды қағарлықтай, 1 литрінің өзі 150 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін барады. Сонымен бірге Дана зерттеу барысында отандық үш фунгицид препараттың құрамында ерекше қауіпті пестицидтер тізіміне енгізілген пропиконазол, этилтиофат, ципроканозол секілді химиялық заттар бар екенін анықтапты. Сондай-ақ ел аумағына әкелінетін пестицидтердің 57-ден астамында халықаралық тізімге енген қауіпті химиялық заттар бар болып шыққан.

Дегенмен Дана жасап шыққан биофунгицидтер өсімдік зиянкестерімен толық күресе алады деп айтуға әлі ерте. Себебі кәдімгі химиялық фунгицидтер дақылдарға бірден әсер етсе, жас ғалымның емдік препараты патогендерге қарсы әрекет етуі үшін шамалы уақыт қажет. Сондықтан экологиялық пестицидтер ауру жұқтырған дақылдарды емдеуге қарағанда алдын алу үшін пайдалырақ.

Жас ғалым өз жобасын әзірлемес бұрын жүргізген зерттеу кезінде Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов саябағында болып, ағаштарды зерттеп, оларға фитопатогенді саңырауқұлақтар зиян келтіріп отырғанын анықтайды. Жасыл желектер негізінен филлостиктоз (қоңыр дақ), фацидиоз (қарлы шютте), фузариоз немесе трахеомикоз, сұрғылт дақ, қарапайым қарағай дақтары секілді ауруларға шалдыққан. Аталған өсімдік аурулары тал-дарақтардың сәндік құндылығын, тұрақтылығын және тіпті өміршеңдігін төмендетіп, табиғатқа айтарлықтай зиян келтіреді. Аурудан әлсіреген ағаштарда фотосинтез қасиеті бұзылып, жапырақтың ерте түсуіне әкелуі мүмкін. Сонымен бірге өсімдік зиянкестері жас қылқанжапырақты ағаштарды жаппай қырып жіберуі де ғажап емес.

Бір қуанарлығы, зертханадағы тынымсыз еңбек өз нәтижесін берген. Биофунгицидті ерітіндімен емделген ауруға шалдыққан өсімдіктерде 14 күннің ішінде фитопатогенді саңырауқұлақтар толығымен жойылып, қауіпті дерттің өсуі мен одан әрі таралуы тоқтатылыпты. Жетістікке қарамастан зерттеу нәтижелерінің өзектілігін қамтамасыз ету үшін Дана әрбір саңырауқұлақ түріне 5 рет эксперимент жүргізген.

Дана және оның жетекшісі Инна Аксенова тың жобаға «Қазақ өсімдік қорғау және карантин» ғылыми-зерттеу институты да қызығушылық танытуы мүмкін екенін айтады. Бәлкім, болашақта оқушының зерттеулері мен тыңайтқышы елімізде биофунгицидтер өндірісінің дамуына негіз болуы мүмкін.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ