Мәдениет

Генералды тұтқындаған қазақ барлаушысы немесе Қаратау қаласының тұңғыш мэрі Сағи Жабасов туралы не білеміз?

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Ақкөлдеміз. Кеңес үкіметі құлап, ел өз тізгінін иеленіп, «Қайтіп күн көреміз, қалай өмір сүреміз?» деп қайықтай қалталақтаған кез. Аудандық «Ленин жолы» (қазіргі – «Talas tynysy») газетін облыстық баспаханада басып шығарамыз. Аптасына кемі екі рет қалаға барамын.

Бірде баспаханада шашын тықырлатып алған, орта бойлы, қой көзді, дембелше келген, сәл еңкіш тартып жүретін кісімен жолықтым. Орысша да, қазақша да сауатты сөйлейді екен.

Жөнімді айттым.

Ештеңеден ығатын пенде емес. «Шындықты жазбайсыңдар» деп мені де сынап, сыбап тастады. Жасы үлкен кісі. Үндемедім.

– Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жарты ғасыр толады. 9 мамыр қарсаңында әуелі Алматыда, содан кейін Мәскеуде панфиловшылар бас қоспақпыз.

– Дұрыс екен.

– Сен әуелі мені тыңда. Немістер Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда Ангелина Степановна Литвиноваға үйленгеніме екі апта-ақ уақыт өткен. Ақтөбе қаласындағы педучилищеде оқып жүргенмін. Одан бұрын Қызылорданың Арал ауданындағы Қамыстыбас деген ауылда туып, әкем Тойбазар бес жасымда қайтыс болғаннан кейін анам Ұрхия әмеңгерлік салтымен Исадиламен бас құрапты. Менің ататегімнің өзгеріп кетуі содан. Өгей баланы кім туғанындай еркелетсін. Әрі ол кісі балықшы, күнін әрең көретіндей сыңайы болған соң ауыртпалыққа төзбей, он бір жасымда Ақтөбедегі мектеп-интернатқа өткізіпті.

Сағи аға өткен өмір жолынан неге хабардар еттім дегендей маған тесіле қарап:

– Хош. Ауылда өстім. Орысшаға жоқпын. Интернатта ол тілді де қиналып жүріп үйрендім. Әсіресе Ангелинаның көмегі көп тиді. Ақыры «махаббат тілінде» сөйлейтін күйге жетіп, он сегіз жасымда үйленіп тындым.

– Ерте бас құрағанымыз албырт сезімнің әсері шығар. Біздің қуанышымыз ұзаққа созыла қоймады. Сол жылдың тамыз айында Бішкектегі жаяу әскерлер командирлерін даярлайтын училищеге топ ете түстім. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, түрі орыстан гөрі азиялыққа келіңкірейтін Иван Васильевич Панфиловты ең алғаш сонда көрдім. Бізді үш айлық дайындық курсынан өткізіп, мені кіші лейтенант шенінде взвод командирлігіне тағайындап, лейтенант шеніне қарамай батальон командирлігіне тағайындалған Бауыржан Момышұлының қарамағына тап болдым.

Сағи ағаның әңгімесіне құлақ тосып, ыждағатпен тыңдап, Баукеңнің жазған кітаптарын есіме түсірдім. Ақыры батылым жетіп:

Соғыс, ол әдемі әңгіме емес. Онда тылға не жауды өлтіру үшін, не тұтқындап әкелу үшін шыбын жаныңды шүберекке түйіп барасың. Қызыл әскер бір мәрте өлсе, барлаушы екі оттың арасында сан мәрте өлімді бастан кешіреді.

– Неге?

Көп ұзамай мен полк штабының барлау жөніндегі орынбасарының көмекшілігіне тағайындалдым. Соғыста мен бүйттім, сөйттім деп айтуға жоқпын, қарағым. Бірақ маған немістердің көкесін танытқаным үшін 2 мәрте «Қызыл Жұлдыз» және І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен 10 медальді тектен-текке бере салмағанын білемін. Ара-тұра оқ жалап кеткенді қоспағанда, 5 мәрте ауыр жараландым. Оқтың аты – оқ. Әлсіретеді. Жаныңды жегідей жейді. Өйтпесе, әскерде қала беруіме де болатын еді. Себебі жеңгеңді тұңғышымызбен әскери гарнизонға алдырып, өмір сүріп жатқанбыз. Әскери-медициналық комиссияның 1946 жылдың күзінде «Денсаулығы жарамайды» деген қорытындысымен мені елге қайтарды. Ангелина мен ұлымды алып Қызылордаға оралдық.

Қызылордаға келісімен облыстық партия комитетіндегілер мені тіке жұмысқа әкетті. Соғыс мүгедегісің демеді. Көп азамат соғыстан оралмады. Елге қайтқандарының дені мен сияқты жаралылар. Сауы некен-саяқ. Тіке аудандық партия комитетінің нұсқаушысы жасады. Өлермендікпен оқуға түсуім керек деп шештім де Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, тарих пәнінің мұғалімі деген диплом алдым.

Сөйтіп жүргенде облыстық партия комитетіндегілер мені жоғары жаққа мақтаңқырап жіберген бе, жоқ, дәм-тұз тартты ма, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы етіп өсірді.

Міне, ержүрек, батыр Баукеңмен Жамбыл облысына келгенде жолықтым.

1957 жылы мені Жуалы аудандық партия комитетінің хатшысы етіп сайлады.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алексей Миронович Зинин деген орыс. Ол да соғысқа қатысқан.

Тамылжыған тамыз айының іші. Айтылған күні арысымыз ауданға келіп, қалың жұрт болып күтіп алдық. Батырды көріп, сәлем беру үшін келгендердің санында есеп жоқ. Бірақ жалпылдап сәлемдесуге көбінің жүрегі дауаламайды. Баукең де ұзын бойлы, тіп-тік, түсі сұсты адам.

Сонымен, Батырды арнайы тігілген киіз үйде күттік. Мені ұмытпаған екен. Қолымыз қалт етіп босағанда Мәскеу түбіндегі қанды жорықтарды еске алыстық.

Өзі де отставкаға шыққан екен. Біраз жыл Калинин қаласында тұрып, Алматыға оралған.

Біздің үйде де қонақта болды. Отбасымызбен құрақ ұшқанымызға қарамастан кетерінде:

Жақтырмағанын түсініп тұрмын. Амал не, ішімнен тындым.

Содан кейін де кездесудің сәті түсіп, тіпті Билікөлдің жағасында демалдық та...

Жуалыда төрт жыдай еңбек етіп, 1961 жылы Талас ауданындағы Шолақтау поселкесіне Қаратау тау-кен химия комбинатының партия комитетінің хатшылығына ауыстым.

 

***

Бұдан арғы әңгімені аттай жиырма екі жыл өткен соң Мақсұтбек Сатымбеков ақсақалдан естідім.

«1961 жылы тамызда Ақсай руднигінен Шолақтауға руда тиеп келе жатқан пойыз рельстен тайып, талай адам мерт болып кетті. Комбинаттың директоры мен бірнеше бас маман, олармен бірге партия комитетінің хатшысы Күзенбаев қызметінен айырылды. Мен жаңадан ғана Қазақ ауылшаруашылығы институын бітіріп, Қаратауда химия құрылыс тресінде бас механик қызметін атқарып жүргенмін. Сағи Исадилдаевичті Күзенбаевтың орнына партия комитетінің хатшысы етіп сайлады.

Сағи келісімен тәртіпке көңіл бөлді. Партияның қаһарын комбинаттың «генералдары» да сезіне бастады. Өйтпесе, «Біздің Құдайымыз Мәскеуде» деп мұрындарын шүйіретін еді шетінен. Ең қызығы, Сағи өте сезімтал адам екен, қазақ кадрларын қызметке қоюға тырысатын. Сын сәтте комбинат директорының орынбасары Іңкәр Кәрібайұлы Әбішов екеуі біріге кетіп, «еврейлерді» тәубесіне түсіретін. Мені де кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлаттырды. Отыздағы жігіт үшін бұл жоғары қызмет.

1963 жылы тамызда Шолақтау кенті Қаратау қаласы болып өзгерді. Әуелі Шолақтау аталды. Халқы 14-15 мыңға жетіп қалған. Неге екенін қайдам, Оңтүстік Қазақстан Өлкелік атқару комитеті қала статусын бергенімен, қалалық атқару комитетін ұйымдастыруға келгенде Мәскеуге қарап, кібіртіктеп қалды.

Ең әуелі, қалалық партия комитеті құрылатын болды. Мені қалалық партиялық бақылау комитетінің төрағалығына ұсынып, өлкелік әкімшілік орталығы Шымкентке жол тарттым. Тәжірибесіздігім бе, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысына көйлекшең кіріппін. Түріме қараған хатшы: «Өй, мынау шикі, бала ғой», – деп қайтарып жіберді.

Жеті адамнан ұйымдастыру бюросы құрылып, қыркүйек айының басында қалалық партия комитетінің алғашқы пленумы өтті. Бюроның ішінде мен де бармын. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына Петр Иванович Качесов, екінші хатшылығына Сағи Исаділдаұлы Жабасов сайланды. Әлгі мені ұсынған қызмет орны вакансия ретінде сақталып қалды, басшылық бір-екі талапкерді Шымкентке жіберген екен, олар «Әй, өткендегі жігітті жіберіңдер» деп талап қойған соң, амал жоқ, мені тағы аттандырып салды. Қазір ойлап отырсам, қызметтік өсуіме әсіресе Сағидың ықпалы болды-ау.

Сөздің қысқасы, қалалық партия комитетінде бірге қызмет етіп жүргенімде келесі жылы қалалық атқару комитетінің төрағалығына Сағи Жабасовты депутаттар бірауыздан сайлап, оның орнына қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына Жапар Шәріпов сайланды».

Мақаңның әңгімесін бөлейік. 1963 жылы кент қала мәртебесін иеленіп, Шолақтау аталған тұста оның атауын өзгерту жөнінде үлкен айтыс туған.

Качесов басқарған Орталықтан келгендер «Фосфоргород» не болмаса «Хрущевград» деп бәтуаласқанда Жабасов бастаған жергілікті басшылар таудың атауы Қаратау, сондықтан «Қаратау» аталсын деген.

Бұл жайында Сағи өз естелігінде: «Тұрғылықты халықпен сөйлесіп, Шолақтау атауының қолы шолақ баланың есімімен аталатынын естіп-білдім. Олар мына қолайсыз атаудан гөрі, Қаратау деп аталғаны дұрыс дегендей өтініш айтты.

Қалалық партия комитетіндегілердің пиғылы теріс. Ақыры депутаттармен жеке-жеке сөйлесіп, көбін көндіріп, Өлкелік атқару комитетіне екі түрлі атауды да жолдадық. Ол жақтағы «дәулер» мұны Алматы не Мәскеу шешсін деп түлкібұлаңға салыпты. Ақырғы сөзді Мәскеудегі «мықтылар» айтып, қаламыз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен желтоқсан айында «Қаратау қаласы» деп аталды» дейді.

Ұлы Мадан болса, «Әкем мен Качесов екеуі атау үшін араздасып, көпке дейін сәлемдеспей жүрді» деп күледі.

Мақсұтбек ақсақал: «Качесов, Шейн, Жабасовтар соғысқа қатысқан. Жастары қарайлас. Сыйлас. Оның үстіне Ангелина К.Маркс мектебінде сабақ берді. Качесов пен Жабасов екеуінің дастарқаны ортақ. Соны көре алмаған қазақтың ішітарлары араларына жыл өтпей шоқ тастап үлгерді. Бір күні Качесов: «Жабасовтың үстінен арыз жазылған. Соған комиссия құрып отырмыз. Партиялық-бақылау комитетінің төрағасысың. Өзің жақсылап тексер!» – деді.

Қанша дегенмен тікелей бастығым. Тексердім. Пәлендей заңбұзушылықты таба алмадық.

Арыздың ұзын-ырғасы: «Жабасов кезекпен алатын жеңіл көліктерді сатады» деп келеді. Белгіленген күні бюроға арыздың қорытындысы бойынша баяндадым. Анықтағанымыз, Жабасовтың пара алатыны анықталған жоқ. Бірақ тексеру кезінде білгеніміз, екі көлікті Қалалық атқару комитетінің бірінші хатшысы Качесов, екі көлікті Шейн саттырған. Үшіншісі де белгілі. Оны да атадым.

Менің бұл баяндауым басшыларға қатты тиді. Әйтсе де «қорқақ астында жатып бет тырнайдының» керін келтіріп, Жабасовқа ескерту бергізді.

Бюро мүшелерінің бірі ағайыным еді, «Сен Жабасовқа жақтастың» деп көпке дейін кектеніп жүрді. Шынымды айтайын, арыздың артында Жабасовтың халық алдындағы беделін көреалмаушылық тұрғаны анық еді.

Егер қылмысы әшкереленсе, аңсап отырғандары Жабасовтың қызметі.

Көп ұзамай олар маған сенбейтіндігін көрсетіп, Шабурова деген әйелді комиссияның төрағасы ету арқылы «бағынбайтын Жабасовты тағы бір жуасытып» алмақшы болған екен. Ол жолы да Шабурова ештеңе таппапты. Бірде маған Сағи аға:: «Көресіні өзімнің қандастарымнан көрдім», – деген болатын ашынып.

Қала мэрі болу оңай емес. Қаратау өндірісі – енді қанат жайып келе жатқан жас қала. Шыны керек, Жабасов өз жұмысын өте жақсы білетін, ұйымдастырушылық қабілеті мол жан еді. Қалалық атқару комитетінің мәжілісін сауатты жүргізетін. Қаратаудың жасыл желекке бөленіп, әдемі қалаға айналуы үшін өзі қызмет еткен 13 жылда аз тер төкпеді. Үйлер салынды, көшелер асфальтталды. Әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі пайдалануға берілді.

Қай заманда да баспана басты мәселе. Баспанасы бар отбасы бақытты. Сағи аға әрбір тұрғын үй алушының жағдайын өзі бақылап, бұра тартуға жол бермейтін. Анда-санда комиссияның отырысына қатысып жүргенімде оған анық көзім жеткен.

Бірде жасы егделеу орыс кемпірі «өзіңнің қазағыңа бұрасың» деп аузына келген боқтықпен сыбады. Әлгінің сөзіне айдаладан менің зығырданым қайнап отыр. Сәкең болса: «Құдай үшін, сізге беретін үй жоқ әзірге», – дейді салқынқандылығынан таймай.

Ашуы әрең басылған соң әлгі әйел: «Мен жоғары жаққа шағымданамын», – деп дөңайбат көрсете кетті. Оңаша қалғанда «Бетін қайырып тастамайсыз ба?»  дедім шыдай алмай. «Е-е, Мақсұтбек, ол байғұсты да түсінбесем, бұл орында не үшін отырмын?» деді ол жайбарақат.

Халыққа жайлы еді Сәкең. Кейін оның орнына келген дөкейлердің «Шық, кабинетімнен!» деп айқайлағанына да куә болдым.

Бір мүшел жастай Қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Сағи Жабасов ақыры «денсаулығыма байланысты» деп қызметті тастап, Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіне оқытушылыққа ауысып кете барды. Қызметіне қызғанышпен қарап жүргендердің «Құдайлары» жарылқап, мәз-мейрам күйге түсті».

 

***

Енді Сағи ақсақалға оралайық. Мәскеуден оралысымен тағы екеуміздің шүйіркелесуіміздің сәті түсті. Бұл жолы Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіндегі оқытушылық қызметін әңгімеледі.

– Көп адаммен пікірлессем, тарихынан бейхабар. Алғашқы кен орнын іздеуші, КСРО-ға ғана емес, әлемге әйгілі ғалымдар, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері И.И.Машкара, П.Л.Безруковтармен жолығып, көп фактілер алып, ғылым кандидаттығын қорғап шыққанмын.

Адам баласы өмір бойы оқып, көңіліне тоқып жүрсе, алынбайтын асу бар ма?! Аз жылдың ішінде-ақ доцент дәрежесін алып, кафедра меңгерушілігіне дейін өстім.

– 14 жылдық ұстаздық еткен кезімде біздің алдымыздан жалғыз сен емес, ауданның, облыстың, тіпті Үкіметтің басшылары білім алатын. Солардың бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Енді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа келейін. Димекеңді Қаратаудан білемін. Қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенімде бірнеше мәрте жолығып, біраз мәселемізді шешіп алған болатынбыз. Қала статусын алғанымызда қалалық білім бөлімі деген мекеме жоқ. Өлкеге айтсаң, сылтауы таусылмайды. «Инспекторың бар, сол атқарсын» дейді. Ақыры, Димаш Ахметұлы қалаға келгенде айтуыма тура келді. Тыңдап болысымен облысқа, министрлікке шығып, мәселемізді шешіп беріп кетті.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін Димекең үйқамақта отырғандай күй кешті. Онда Алматыдамын. Маған не істейді, үйіне бардым. Өте мәдениетті адам. Қарапайымдылығын айтып жеткізе алмаспын. Әңгімеден әңгіме шығып: «Сіз 16 желтоқсан күні алаңға шығып неге сөйлемедіңіз?» деп сұрақ қойдым.

Заманынан озық туған Димаш Ахметұлымен 1992 жылы Талас жұрты сексен жылдығын атап өтеміз деп ниеттеніп шақырғанда Тараз қаласында ең соңғы рет жолықтым, құнды естеліктелімен бөлісті.

– Біз қазір төреші бола алмаспыз.

 

***

1997 жылы Талас ауданының әкімшілік орталығы Ақкөлден Қаратау қаласына көшірілді. Сағи көкемнен көз жазып қалғанбыз. Облыстық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүр деп естіп қалдым.

2010 жылы 87 жасында өмірден озғанын да кеш естідім. Оның алдында Талас ауданының тарихы бойынша жинақ құрастырмақ болып жүріп ұлы Игорьге жолыққанымда, «Мен ешқандай мәлімет бере алмаймын» деп қашқақтаған.

Мақсұтбек ақсақалға жолыққанымда,  «Бір жазып, жарыққа шығаратын адамың – сол» деді.

– Сәкең Қаратау қаласының Құрметті азаматы. Қаланың тұңғыш мэрі. Ұлы Отан соғысының ардагері, гвардия полковнигі. 2005 жылдан бері «Ауданның Құрметті азаматы атағын берейік» десек, еш әкім, не ақсақалдар төрағасының ешбірі тіл алмайды. Өркені өссін, Оңласын Жиенқұлов өтінішімді құп алып, атақты бергізді. Ойлап қарасам, түкке тұрмайтын нәрсе.

Бір күні Оңласын Жиенқұлов: «Мына атақты ұсынған өзіңіз, енді апарып табыстайық, жүріңіз», – деді. Бардым. Жасы тоқсанды алқымдаған адам. Шаршаңқырап қалыпты. Сөйткенмен де қуанышын жасыра алмай: «Соның бәрін болашақ үшін жасадық қой», – деп қамығып қалды.

Шіркін, кейде кең дүниені тарылтатынымыз бар. Атаққа Сағи зәру емес. «Адам баласының еңбегін елеп, ескеру – кісіліктің ең шынайы харекеті екен ғой» деген ойға келдім сонда.

Мен болсам, «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген Сүйінбайдың сөзіне шек келтіре алмай, іштей одан әрмен толқып тұрдым.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Талас ауданының Құрметті азаматы