Адалдықтың лебі ескен ауыл
Талас ауданы, Қасқабұлақ ауылында тек күрд ұлтының өкілдері тұратынын бірі білсе, бірі білмес. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының орта шенінде көптеген ұлт өкілімен қатар, Әулиеата өңіріне Әзербайжан елінен де күрд азаматтары қоныс аударған.
Қазыналы Қаратау аймағына келген күрдтерді үкімет 1937 жылы Ойық совхозына алып барған екен. Кейіннен бұл кеңшардан бөлініп, 1938 жылы күрдтер тұратын ауыл құрылған.
Жуырда Қасқабұлақ ауылына арнайы барып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтудың сәті түсті. Мақсатымыз – хабар түсіру. «Журналистер келді» деп кіреберістен ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер күтіп тұр екен.
Амандық-саулықтан кейін бірден жұмысымызға кірісіп кеттік. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жергілікті тұрғындар негізінен малшаруашылығымен күнелтеді. Оған қосымша ауыл азаматтарының біраз бөлігі қоғамдық жұмыстарға да тартылған екен.
Байқағаным, ауыл тұрғындарының бәрі түйеқұс өсіреді екен. Әр аулада кемі 5-6 құстан жүр. Бұл жақта түйеқұс, бөдене, тіпті біз естіп, білмеген шетелден асып келген құстар да жетерлік.
Бізді таңғалдырған дерек, аудан бойынша бірде-бір қылмыс тіркелмеген жалғыз осы ауыл деседі. Сондай-ақ күрділер үшін қара түсті киімдерге ежелгі заманнан бері рұқсат жоқ. Ауылдағылар тек ашық түсті киім киеді. Қара киім қаралықты шақырады деп сенген.
Жалпы ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсы. Өздеріне жанашыр басшы таңдапты. Қазақтар үшін бауырмалдығы үлгі болардай. Бойларын билеген патриоттық сезім ұлтты бір саты жоғары көтереді. Ауылды көріп, күрд азаматтармен танысып, адам бойындағы сыйластық пен адалдық сезімінің күшін білдім.
Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 2-курс студенті