Дала төсі дүбірге бөленетін күн жақын
Енді бір оншақты күнде ақпан айы да түгесіледі. Наурыз айы туды дегенше қыстың қаһары қайтып, көктемнің жылы лебі есетіні анық. Мұндайда табиғат жаңаша түрге еніп, тіршілік жанданады. Әсіресе диқандар қауымы күнұзаққа алқап басында тер төгіп, дала төсінде еңбек дүбірін қыздырады. Осы ретте біз «Облыстың көктемгі дала жұмыстарына әзірлігі қандай? Аграрлы өңір саналатын облыс шаруалары жаңа маусымға қаншалықты дайын?» деген сұрақтарға жауап іздеп, мәселенің мән-жайына үңіліп көрген едік.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірде көктемгі дала жұмыстарына материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын және агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда. Осы жылы жалпы 659,9 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланыпты. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 372 мың гектарға, майлы дақылдарды 40,2 мың гектарға, қант қызылшасын 6 мың гектарға отырғызу көзделген. Сонымен қатар 8,9 мың гектарға картоп, 34,9 мың гектарға көкөніс дақылдары, 14,1 мың гектарға бақша дақылдары егілсе, мал азығы дақылдары 183,8 мың гектарды құрамақ.
2025 жылға ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында субсидиялауға жергілікті бюджеттен 22,6 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде өсімдікшаруашылығын дамыту бағытына 10,6 миллиард теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде биыл өсімдікшаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 108,3 пайыз өсім көрсету жоспарланыпты.
Жуалы ауданы – табиғаты ерекше өңір. Топырағы құнарлы, жері шұрайлы болғанымен қысы қатал. Сондықтан да басқа аудандарға қарағанда Жуалыда көктемгі дала жұмыстары сәл кешірек басталады. Десе де бұл жақтың шаруалары көктемгі науқанға мұқият дайын отыр.
Жуалы ауданының агроқұрылымдар мен шаруашылықтарында 369 трактор, 127 соқа, 149 қопсытқыш, 93 дән сепкіш, 5 тұқым дәрілегіш және 20 басқа да техника бар екен. Көктемгі дала жұмыстарына жұмылдыруға 280 трактор, 95 соқа, 115 қопсытқаш, 79 дән сепкіш, 4 тұқым дәрілегіш және басқа да техникалардың 15-і дайын. Дегенмен бұл көрсеткіш көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін 100 пайызды құрайды деп күтілуде. Себебі агроқұрылымдар мен шаруашылықтардың басым бөлігінде техниканы сақтау қоймалары (гараж) болмағандықтан көктемгі дала жұмыстарына техниканы дайындау және жөндеу жұмыстары күн жылынғанда жүргізіледі екен.
Осы аудандағы іргелі агроқұрылымның бірі – «Рауан» шаруа қожалығы.
Шақпақ ауылдық округінде орналасқан қожалықтың төрағасы Бектұрған Қансейітовтің айтуынша, ол қазірдің өзінде техникасын жөндеп, қажетті тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын дайындап қойған. Күн жылынып, қолайлы сәт туғанда егін егу жұмысының қамына кіріспек.
Бұл аудан соңғы уақытта егіншаруашылығын әртараптандыруға баса мән берген. Ел ырзығын еселеуші диқандардың көктемгі дала жұмыстарына ерте бастан қамдануы еткен еңбек, төккен тердің текке кетпейтінін білдірсе керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ