Қоғам

Ғылымда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету керек

11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Осыған орай «AMANAT» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанаты мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бірлесіп «Ғылымдағы әйелдер: өсу, өрлеу, өркендеу» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Іс-шараға ғылым саласында қызмет етіп жүрген белсенді әйелдер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас ғалымдар және сарапшылар қатысты.

Салтанатты жиынды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов құттықтау сөзбен ашты.

Мұнан соң «AMANAT» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімова сөз алып, атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Айман Серікқызының айтуынша, өткен жылы құрылған «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты негізі 10 бағытта жұмыс жүргізуде. Ол – отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, отбасы денсаулығы мен құндылықтары, ауыл әйелдерін бизнеске тарту, әйелдердің ғылымдағы рөлі және тағы басқа бағыттар.

Іс-шара барысында өзге де қатысушылар ғылыми қызметке көбірек әйелдерді тарту мәселесін сөз етті. Ғылымда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – жаңа перспективаларды ашып, шығармашылық пен инновацияны дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ