Жамбыл жаңалықтары

Ісінен береке тапқан теміржолшылар

Тараз қаласы әкімдігі жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде теміржолшылармен «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыбында кездесу өтті.

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеуді мақсат еткен іс-шараны жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ұлжан Қаленова ашып, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау маңызды екенін атап өтті.

Кездесуге теміржол саласының білікті мамандары – Нигора Сәрсекеева, Назым Бейсенова және Жандос Қарғабаев қатысты. Жиын барысында қонақтар теміржол саласының негізгі құрылымдары мен маңызды аспектілеріне тоқталып, күнделікті жұмыс тәртібі, қызметтік міндеттері және кәсіби жетістіктері жайлы баяндады. Сондай-ақ студенттерге саланың болашағы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен кәсіби дамудың негізгі бағыттары жөнінде құнды ақпараттар берді.

Алдағы уақытта да еңбек жолын ел болашағының жарқын болуына арнаған адал табыс иелерін жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары жалғаса бермек.

М. ЖАМБЫЛҰЛЫ