Тараздық қолөнершілер Индонезия төрінде
Ұлттық қолөнер – халқымыздың тұрмысы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол ғасырлар бойы қазақ халқының өмір салты, рухани құндылықтары, күнделікті тіршілігімен бірге жасасып келеді. Бұл өнер түрі ұлтымыздың болмысын айшықтап қана қоймай, тамыры терең тарихтан сыр шертіп, қазақы қалпымыздың даралығын айқындай түседі. Сондай-ақ он саусағынан өнер тамған шеберлердің төл туындыларынан биік талғамның, әсемдіктің жарқын үлгісі анық аңғарылады.
Егемендік алған сәттен бастап ұлттық құндылықтарымыз кеңінен ұлықталып, мемлекет тарапынан жан-жақты дәріптеліп келеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көне шаһар – Тараз 2022 жылы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың мұндай мәртебеге ие болуы – заңдылық. Байырғы дәуірде-ақ қолөнер шеберлерінің таңдаулы туындыларымен талай жұртты тәнті еткен Таразда халықаралық көрме ұйымдастыру кейінгі жылдары дәстүрге айналғаны да баршаға мәлім.
Осылайша әлемдік деңгейде өз орнын айқындаған тараздық қолөнершілер жуырда Индонезия мемлекетінде өткен «INACRAFT – 2025» халықаралық көрмесіне қатысып қайтты. Әулиеаталық делегацияны бастап барған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, бүгінде тараздық шеберлер әлем алдында зор беделге ие екен.
Осы ретте тараздық танымал қолөнерші Анар Бексұлтанова аталған іс-шара арқылы мол тәжірибе жинағанын жеткізді.
Бүгінде қолөнер – тек бұйым жасау емес, мәдениет пен дәстүрді сақтап қалудың маңызды құралы екені күн санап дәлелденіп келеді. Сондай-ақ ол рухани байлықтың, мәдени мұраның көрінісі екені даусыз. Сол себепті осы өнер түрін сақтап қалу және болашақ ұрпаққа жеткізу – тек шеберлердің ғана емес, әрбір азаматтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ