Жамбыл жаңалықтары

Тарихтан сыр шертетін тоғызқұмалақ тасы

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылына қарасты Қызылтаң елді мекенінің солтүстік-шығыс жағындағы тау беткейінен былтыр тоғызқұмалаққа арналған ойын тасы табылған болатын.

Ұзындығы 2,8 метр, ені 1,4 метр болатын тастың өзге өңірлерде табылған ойын тастарынан ерекшелігі бетіне екі бірдей ойын тақтасы ойылып жасалған екен. Ал тастың тарихы, қай заманға тән жәдігер екені облыс тұрғындарын қызықтыратыны анық. Сол үшін де кеше облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистерді облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев пен аталған мекеменің инспекторы Жандос Бәйтімбетов бастап барды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кезінде мұндағы мал бағып жүрген шаруалар жоғарыда орналасқан жарға шығып, тоғызқұмалақ ойнап, әрі төрт түлігін қарап отырған болуы мүмкін. Десе де бұл жәдігерге неше ғасыр болғаны әзірге беймәлім.

Жандос Бәйтімбетовтің пайымынша, тоғызқұмалақ тасының үлкен отауының шұңқырындағы күйенің жұғындысы оның ішіне адамдар отын толтырып, оны жаға отырып тасты қыздырғанынан хабар береді. Ол осылайша ойыншылар жылынған әлгі тастың үстінде отырып ойын көрігін қыздырған деп топшылады.

Ендігі кезекте осы тарихи мұраны сақтап, қорғап, ата-бабаларымыздың асыл қазынасын келешек ұрпаққа аманат етуге әрекеттенуі – басты міндеттің бірі. Осы істі аталған дирекция қолға алып жатыр десек те болады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ