Тұрғындардың құқықтық сауаттылығы артып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің қатысуымен брифинг өтті. Онда 2024 жылы республика бойынша өткен әлеуметтік зерттеудің нәтижелері таныстырылды.
Спикердің айтуынша, еліміздің 20 өңірінде жүргізілген зерттеу тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің жағдайын, негізгі мәселелерді және даму бағыттарын анықтауға бағытталған.
Тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты жүргізілген сауалнама барысында респонденттердің 85 пайызы тұтынушы ретіндегі құқықтары бұзылмағанын айтыпты. Дегенмен электрондық коммерцияда жарнамаланған өнім мен нақты тауардың сәйкес келмеуі, байланыс операторларының негізсіз төлемдер алуы, интернет сапасының төмендігі анықталған. Денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлерінің біліксіздігі, жедел жәрдем жұмысының сапасыздығы, қаржы саласында негізсіз комиссиялардың ұсталуы, несие алу барысында қосымша қызметтердің мәжбүрлі түрде қосылуы белгілі болған. Тұрмыстық қызмет көрсету – сұлулық салондары мен автосервистерге де қатысты шағым аз емес. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да негізсіз коммуналдық төлемдер, сапасыз қызмет көрсету жиі орын алатыны айтылған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу ісіне келсек, респонденттердің 62 пайызы қазіргі жағдайды «Өте жақсы» деп бағаласа, 65 пайызы соңғы жылдары оң өзгерістерді байқаған. 57 пайызы тұтынушылық құқықтарға қызығушылық танытқан, бірақ 39 пайызы ғана құқықтық сауатын арттыруға тырысып жүргенін білдірген. Сауалнамаға қатысушылардың 82 пайызы тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін құжаттардың бар екенін білмейтін көрінеді.
Жалпы өңіріміз бойынша тұтынушылардың құқықтарын бұзу барлық салада кездескен. Десе де облыс тұрғындарының құқықтық сауаттылығы жоғары.
Айта кету керек, бұл зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің жай-күйін, проблемаларын және даму перспективаларын анықтау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін тұрғындардың қызмет көрсету сапасына қанағаттануы мен бағалау үлесін және тұтынушылардың көзқарасындағы ең проблемалық бағыттарды анықтауға тура келген. Қала және ауыл тұрғындары арасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықтың ақпараттандырудан хабардарлығы мен оның тиімділік деңгейі зерделенген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін, сондай-ақ сотқа дейінгі органдар мен қоғамдық құрылымдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысы бағаланған. Тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және жүзеге асыру тұрғысынан мемлекеттік институттарға сенім деңгейін анықтау назарға алынған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде қоғамдық бірлестіктердің тиімділігі анықталып, тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда олардың белсенділігі мен тәртібінің дәрежесіне баға берілген.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ