Бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда
Жекешелендіру саясатының алғашқы кезеңінде елді мекен маңындағы жайылымды ебін тапқандар бөліп алса, ал иен даладағы ұшы-қиыры жоқ жерлерге қолында малы бары да, жоғы да ие болып шыға келген еді. Салдарынан кейінгі уақытта жайылым тапшылығы туындап, бұл өңірімізде де өзекті мәселеге айналған болатын.
Алайда бұл олқылықтың орны толтырыла бастады. Бұл тұрғыда ауыл малы үшін тарылған өрісті кеңейту мақсатында заңсыз берілген жерлерді ауылдық округтерге қайтару, жайылымға шын мұқтаж шаруа қожалықтардың мәселесін бос жатқан жер есебінен шешу сияқты жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен мәселе әлі де өзекті.
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысында «Жер аманаты» жобасы аясында өңірдегі заңсыз берілген, пайдаланылмай жатқан және жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, олардың әділ бөлінуі мен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.
Аймақтық кеңестердің бірлескен отырысын ашып, жүргізген Фарида Амансарықызы бүгінде заңсыз берілген немесе игерілмеген жерлерді қайтару бойынша комиссия еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеп жатқанын сөз етті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Боранқұлованың сөзіне сүйенсек, облыстың әкімшілік аумағы 14,4 миллион гектар болса, оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер – 4624,8 мың гектар. Елді мекен жерлері – 842,2 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауылшаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 177 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын – 11,6 мың, орман жер қоры есебінде – 4429,1 мың, су қорының – 356,3 мың, босалқы жерлер қатарында 1497,2 мың гектар жер бар.
Өткен жылы игерілмеген 80 мың гектарды қайтару жоспарланған екен. Нәтижесінде жыл аяғына дейін 102,5 мың гектар қайтарылып, жоспар артығымен 131,2 пайызға орындалыпты. 2025 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан облыста 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланса, одан бөлек кәсіпкерлік мақсатта 160 жер телімі аукционға шығарылмақ.
Ал облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаевтың айтуынша, елімізде жерді тиімді әрі ұтымды пайдалануға ерекше басымдық берілген. Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтару тапсырмасы аясында биыл да жұмыстар жалғасын табуда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің баяндамасы тыңдалды.
Екі мәселе бойынша да кеңес мүшелері көптің көкейінде жүрген түйткілдерді мәселе ретінде көтерді. Мысалы, игерілмеген жерлерді қайтару қандай негізге сүйеніп жүргізілетіні, кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерінің аукционға шығарылу тәртібі қандай екенін білгісі келгендер болды. Сонымен қатар Меркі ауданында бір саябақ жеке қолға өтіп кеткен екен. Қордай ауданы, Ноғайбай ауылында да бір серіктестіктің банкке кепілге қойған жері пай үлескерінің келісімінсіз келесі бір іскер азаматқа сатылған. Облыста 2023 жылдан бастап минералды тыңайтқышқа бөлінген субсидиялар шаруаларға әлі күнге берілмеген. Баяндамашыларға кеңес мүшелері осы тектес бірқатар сұрақ қойып, жауап алды.
Жиында соңында көтерілген өзекті мәселелер назарға алынып, алдағы уақытта да талқылауға салынатыны, түйткілдің түйіні тарқатылуы үшін жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істелетіні, кез келген мәселе партиялық бақылауда ұсталатыны айтылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ