Әлеумет

Жеңіл қылмыс жасағандар қоғамдық жұмысқа жұмылдырылуда

Қоғамдық жұмыстарға тарту – сотталған азаматтың өз кінәсін еңбек арқылы өтеуіне мүмкіндік беретін жаза түрі. Бұл жаза жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық орындарда, белгілі бір біліктілікті қажет етпейтін, ақысыз еңбек етуді қамтиды, деп хабарлайды arainfo.kz

Биылғы жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат жеңіл қылмыс жасағаны үшін қоғамдық жұмысқа тарту жазасын өтеп жатыр. Ол көшелерді тазалау, әкімшілік ғимараттардың айналасын ретке келтіру, орталық ескерткіштер мен аллеяларды күтіп-баптау, қураған ағаштарды бұтау және арықтарды тазалау сияқты жұмыстармен айналысуда.

Қоғамдық жұмыстар – қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезініп, өз қателігін еңбек арқылы түзеуге берілген мүмкіндік. Мұндай жаза азаматтың тәртіпке үйренуіне, еңбекке дағдылануына және қоғамға қайта бейімделуіне көмектеседі.

Қоғам алдындағы кінәсін мойындап, еңбегімен өтеу – түзелу жолындағы маңызды қадам. Сондықтан қоғамдық жұмыстарды тек жаза түрі ғана емес, қоғамға қайта бейімделудің бір жолы деп түсінген жөн.