Жаңалықтар

Бүгін – қасиетті Бараат түні: Мұсылмандар бұл түнді қалай өткізуі керек?

Бүгін, 13 ақпаннан 14 ақпанға қараған түн – мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Бараат түні,деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл түн Хижра күнтізбесі бойынша Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түнге сәйкес келеді. Ислам ғұламалары Бараат түнін "Қадыр түнінен кейінгі ең ұлық түн" деп атап, оның ерекше маңызын атап өткен.

Бараат түні неліктен маңызды?

Исламда бұл түн "Кешірім түні", "Тағдыр түні", "Тозақтан құтылу түні" деген атаулармен белгілі. Өйткені дәл осы түні Алла Тағала өз құлдарының жасаған күнәларын кешіріп, оларға мейірімін төгеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
"Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері", – деген.

Бұл түні періштелер жер бетіне түсіп, адамдардың жасаған дұғалары мен ғибадаттарын жеткізеді деп саналады. Сондықтан мұсылмандар бұл түні ерекше құлшылық жасап, дұға-тілектерін білдіреді.

Бараат түнін қалай өткізу керек?

Бұл түнді мұсылмандар құлшылықпен, кешірім сұраумен және игі істермен өткізуі керек.

  • Намаз оқу – парыз намаздарды оқып, қосымша сүннет және нәпіл намаздарын орындау ұсынылады.
  • Тәубе ету – күнәлар үшін шынайы түрде кешірім сұрап, Алладан мейірім тілеу.
  • Құран оқу – қасиетті кітапты оқып, оның мағынасына үңілу.
  • Зікір айту және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат жолдау.
  • Жасаған істерін саралау – өз өміріне есеп беріп, қателіктерді түзетуге ниет ету. Жақындармен татуласу – біреуді ренжіткен болса, кешірім сұрап, араздасып қалғандармен татуласу.
  • Қайырымдылық жасау – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, садақа беру.
  • Қарыздарын өтеу – егер біреуден қарыз алса, оны қайтарудың жолын қарастыру.

Бараат түні – адамның рухани тазаруы, жасаған қателіктерін саралап, жаңа парақтан бастауға берілген мүмкіндік. Бұл түні шынайы ниетпен жасалған дұғалар қабыл болады деп саналады. Сондықтан әрбір мұсылман бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, құлшылықпен, игі істермен өткізуге тырысуы керек.