«Alatau» клубының көздегені көп
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында былтыр аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан «Alatau» спорт клубы ашылып, оның ішінен шахмат үйірмесі өз жұмысын бастаған болатын.
Шахмат үйірмесін Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлбайра Жаңабаева ашса, клубтың ұйымдастыру жұмыстарын Лаура Әбдіманапқызы өз қолына алған.
Үйірмені жеке кәсіпкер өз қаражатына жабдықтаған. Мұнда шахмат үйірмесімен қатар, ағылшын тілі, математика, тарих пәндері бойынша қосымша сабақтар және де логопед жұмыс істейді.
Ғимарат интернетпен қамтылып, шахмат үстелдерімен, ойын тақталарымен, теледидармен, арнайы демалатын орынмен жабдықталған. Іші жылы, ыстық су және әжетханамен қамтамасыз етілген. Өрт қауіпсіздігі жүйесі де орнатылған.
Спорт клубының іс жүргізушісі Лаура Әбдіманапқызының айтуынша, қазіргі таңда балалар екі ауысымда 5 топқа бөлінген. Үйірме дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері аптасына 3 рет өткізіледі. Кәсіпкер «DAMUBALA» бағдарламасы аясында мемлекеттік қаржыландыру жүйесі арқылы 7 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды шахмат үйірмесімен тегін қамтамасыз етеді. Сабақты білікті маман Айнұр Нұрқожаева жүргізеді.
Айта кетсек, ауданға қарасты Ертай ауылында жылдам шахматтан ұйымдастырылған аудан кубогында «Alatau» спорт клубы жеңімпазы атанды. Одан бөлек, үйірме қатысушылары мектепішілік жарыстарда алғашқы орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ, шахматтан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Жамбыл облысы кубогының алғашқы кезеңінде де спорт клубының шахматшылары бақ сынап, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Ең бастысы, балалар басқа өңірдің шахматшыларымен танысып, өзара достық қарым-қатынас орнатумен бірге, тәжірибе жинап қайтты.
Иә, әрбір бала – өз алдына жеке тұлға. Әр баланың өзіне тән қабілеті бар. Олардың бойындағы шығармашылық қабілеттердің ашылуына осындай қосымша үйірмелердің тигізетін оң әсері мол. Ауданда алғашқылардың бірі болып игі бастаманы қолға алған «Alatau» спорт клубының жұмысы алға басып, шәкірттері жоғары нәтижелерге қол жеткізеріне сенім білдіреміз.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы