112 «Жайлы мектеп» салынады
Биыл елімізде 200-ге жуық мектеп салынып, 300 мың оқушы заман талабына сай соғылған білім ордаларының табалдырығын аттайтын болады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, алдағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1 231 мектепті жаңарту жоспарланып отыр. Оның 820-сы ауылдық жерде орналасқан. Күрделі жөндеу барысында мектептер, ең әуелі, заманауи пән кабинеттерімен жабдықталып, жиһаздар толығымен жаңарады. Сонымен қатар кітапханалар мен асханаларды модернизациялау, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек спортзалдар жаңартылады, тым ескірген болса, жаңадан салынады.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 заманауи мектеп салу жоспарланған, олардың 105-і 2024 жылы бой көтерді. Жайлы мектептердің аумағы типтік мектептерге қарағанда 15-20 пайызға үлкен болады, ал техникалық жабдықталуы 4 есеге артады.