Гауһардың үйі – мейірімнің мекені
Гауһар Жолмаханбеттің есімі көпшілікке «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы жақсы таныс. Кейіпкеріміздің «Facebook» парақшасындағы әзіл-шыны аралас жазбалары мен мейірімге толы мінезі туралы желі қолданушылары жиі пікір білдіріп жатады. Әсіресе нәзікжандыларға жасап жүрген жақсылығы бір төбе. Оң босағада отырып аяғы ауырлап, баратын жері, басатын тауы қалмаған қыздарға қамқорлық танытып, төрінен орын бергені жайлы да естідік. Гаухар осы уақытқа дейін бірнеше жас ананы бауырына басып, көмек қолын созған.
Жуырда Гауһармен тілдесудің де сәті түсті. Жанары өткір, жүзі сұсты келіншек әңгімені әріден бастады.
Желі қолданушылары да мейірімді жанның жүрегінің кең екенін ескеріп, кімге болсын көмек қолын созуға даяр мінезін біліп алған. Сәл қиналған жан көрсе Гаухардың телефонын беріп, «міндетті түрде көмектеседі» деп айтады екен.
Расында, Гауһардың шаңырағы мейірімнің мекені іспетті. Бір адам көмек сұрап келсе, бір адам алғыс айтып шығып жатады. Бірақ ол өзі жасап жүрген жақсылығын бәрінің қолынан келетін іс деп ойлайды. Ол үшін тек мейірімді жүрек болса жетіп жатқанын жиі айтады.
Бүгінде ес жиып, етек-жеңін жинаған жас аналар өздеріне қамқорлық танытып, қиын күндері көмек қолын созған екінші аналарын ұмытқан емес. Үнемі хабарласып, жағдайын сұрап, мерекелерде кездесіп, құрмет білдіріп тұрады екен. Құшағы кең, пейілі таза жанға біз де ұзақ ғұмыр тіледік.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ