Мәдениет

Әкемнің әні

Әкем осы әнді және осындай әсем де әсерлі, сазды да сырлы әндерді бұрыннан тыңдайды екен. Ол кезде біз баламыз. Кімнің қандай әндерді ұнатып, қандай әндерді сүйіп тыңдайтынын білмейміз. Бірақ ол әндер мен мәтіндерінің мәндерін өсе келе түсіндік. Ондай әндердің құтты қонақтай баршаның жүрегінің төрінен орын алып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әділ төреші уақытпен бірге ілгері көше беретіні де содан екен.

Әкем әсіресе осы әнді өмірінің соңғы бір жылында жиі тыңдайтын. Теледидар мен радиодан сол ән айтылса, үнсіз отыра қалып тыңдайтын. Кейде өзі де ыңылдап айтып жүретін болды. Сөйтсек, әкеміздің осы кездері жүрегі сыр беріп, сырқаттанып жүрген екен ғой. Бізге ол жайында ашылып айтпаған соң қайдан білейік. Оның үстіне әкеміз кейбіреулер секілді сәл ауырса дәрі ішіп немесе ауруханаға жүгіре бермейтін. Мінезі қатал әрі әділдік пен ішкі де, сыртқы да тазалықты жаны сүйетін болғандықтан анау-мынау ауру мен өсек-аяңға мән бере бермейтін. Және «Ауру да, бәле-жала да термен кетеді. Ақ жүрген адамға жамандық та жоламайды» деп бізге де, өзгелерге де айтып отыратын. Содан ба екен, күннің ыстық-суығы мен жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай қартайған шағына дейін тынбай еңбек етті. Сол үшін де, басқа қасиеттері үшін де әкемді кішілер түгіл, үлкендер де құрметтеп, өнеге тұтатын. Сонымен қатар жақындарымыз да, құрдастары мен жора-жолдастары да, ауылдастар да әкемнен ақыл-кеңес сұрап тұратын.

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әкемнің өзі де тәртіпке бағынып, жүрген жерінде  бәрін тәртіпке шақырып жүретін. Одан кейін ол кісі екі тілде жақсы сөйлеп, екі тілде сауатты жаза білетін. Қолы қалт етсе газет-журналдармен қоса, екі тілдегі әдеби кітаптар оқитын. Халқымыздың да, өзге ұлттардың да мақал-мәтелдері мен қанатты сөздерін жақсы білетін. Дауысы жоғары болмаса да кішігірім дауысымен-ақ көпшілікті тамсандыра ән-термелер айтып, күй де тартатын. Жасырып өлең де жазған екен. Біз оны өзі қайтыс болғаннан кейін жеке сандығын ашып қарағанда бір-ақ білдік.

Айтпақшы, әкемнің кеңестер кезінің өзінде діни сауаты баршылық еді. Құранды жатқа білетін және кейбір имамдар мен молдалардан да сауатты оқитын. Ол кісілердің өзі әкеме таңғалып, риза болатын. Сондықтан да көпшілік көп жерде Құранды алдымен әкеме оқытатын. Бір сөзбен айтқанда, әкеміз еңбектің де, елдің де адамы еді.

Ал осы мақалама арқау болған әнге келетін болсам, ол Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтің ортақ туындысы – «Жүрегім менің».

«Қайран менің жүрегім, жас жүрегім,
Көктем едің, бір кезде тасқын едің.
Жастық дәурен жалтақтап қарайлайсың,
Сені ойласам, ұйқым да қашты менің...»
деп басталатын жастың да, жасамыстың жүрегінен орын алған әуезді әннің тарихына тоқталар болсам, Нұрғиса ағамыздың егде тартқан кезінде жүрегі сыр бере бастапты. Шығармашыл адамдардың көбінесе миы мен жүрегіне салмақ түсетіні бар емес пе?!

Құнды да құнарлы дүниелерімен қазақ ән өнерінің қоржынын байытқан Нұрағамыз бірде көп әндердің мәтінін жазған Тұманбай ағамызға арнайы жолығып, жүрек туралы әніне сөз жазуын өтінеді. Әңгіме арасында Тұманбай ағамыз да соңғы кездері жүрегінің мазалап жүргенін айтып қалады.

«Іздегенге – сұраған» демекші, осы мәселе екі автордың да ойында жүрген ортақ тақырып болып шыға келеді.

Сол кездесуден кейін көп ұзатпай Т.Молдағалиев өлеңді жазып әкеліп, Н.Тілендиевке береді. Бірден үйлесе кеткен ән мен сөз екі ағамыздың да ойынан шығып, сосын ол әнді дауысына лайықты әншілерге ұсыныпты.

Белгілі әншілердің орындауында бұл әннің халыққа ұнағаны соншалық, көпшілік түрлі отырыстар мен той-томалақтарда шырқалып жүрді. Кейін келе бұл ән «МузАрт» тобының орындауында қайта жаңғырып, одан сайын әрлене түсті.

Жуырда туған күнім болып, ағайын-туыс, бауырларыммен атап өттім. Сол түні түсімде әкем мені іздеп келіп, қасымда отыр екен. Тура өңімдегідей. Туған күніммен құттықтап, тілегін арнады да: «Балам, маған «Жүрегім менің» деген әнді қойып берші», – деді. «Жүрегім менің» сіздің жақсы көретін әңдеріңіздің бірі де бірегейі ғой» деп бірден өтінішін орындадым. Ән біткен соң «Тәте, әнді тағы да қояйын ба?» деп бұрылып қарасам, тәтем орнында жоқ.

Ұйқымнан тұрғаннан кейін үйдегілерге түсімді айтып едім, олар: «Сенің туған күніңнің болғанын біліп, саған тілектес болып жатқан шығар. Алладан соң аруақтар да бәрін сезеді ғой» деп жорып берді. Осылайша жақсы көңіл күймен бәріміз түскі ас ішпекке дастарқанға жайғасып, теледидарды қосып едік, «МузАрттың» концертін көрсетіп жатыр екен. Қараңызшы, қандай сәйкестік... Тура бір әннен кейін әкемнің әнін айтты. Яғни жүрегімізді тербеткен «Жүрегім менің» әні.

Мен бұл әнді әкемнің тірі кезінде-ақ «Әкемнің әні» деп атайтынмын. Оны ағайын-туыстарымыз бен көршілеріміз де, өзгелер де біледі. Ән айтылып біткенше бұл жолы мен де әкем секілді үнсіз әрі ұйып тыңдадым. Жай ғана тыңдаған жоқпын. Әкемнің тау тұлғалы бейнесі мен тірі кезіндегі игі істерін және жаңағы түсімдегі сәтін көз алдымнан өткізіп отырып тыңдадым. Тірі кезінде балалық шалалықпен тілін алмай кетіп немесе өзге де теріс іс-әрекеттеріммен ренжітіп алған кездерім де есіме түсе берді.

Құлақтан кіріп, бойды ғана емес, ойды да алған шырайлы ән шырқалып біткенде шыдай алмағандығымнан жанарымнан жас та тамып кетті. Неге олай болғанын қасымдағылар да түсінсе керек, олардың да жүздерін мұң шалды. Себебі әкеміз де осы әннің авторлары секілді жүректен кеткен еді. Бірақ елдің бір таңданғаны, тәтем денсаулығына байланысты ешқашан ауруханаға жатып көрмеген адам. Тек Пайғамбар жасына жеткенде «Москвич» көлігімен үлкен жол апатына ұшырап, үш аптадай емделіп шықты. Содан кейін аурухананың бетін көрген емес.

Дұрыс күтім болмағандықтан ба, әлде өмір бойы ауыр жұмыстар істегеннен бе, бәлкім, анамыздың төрт жыл бұрын ерте кеткені қатты әсер етті ме, білмейміз, әйтеуір 2001 жылдың 27 мамырында әкеміздің жүрегі мәңгілікке тоқтады.

... Қазір «Жүрегім менің» әнін мен де жиі әрі мән беріп тыңдайтын болдым. Өйткені осы күндері менің де жүрегім аздап ауыратын болып жүр.

«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, осы мақаланы жазу барысында жүрегімнен жыр да туды. Сондықтан мақаланы сол өлеңмен түйіндегенді жөн көрдім.

 

ЖҮРЕГІМ

Сыр мінез менің жүрегім,
Сырласым әрі тірегім.
Дүрсілдеп соғып тұрмасаң,
Өзіңсіз айтшы, кім едім?

Нұрыңды төкші, жүрегім,
Кеудемнің жарық күні едің.
Өткерген небір сынақты,
Төзімді, неткен сірі едің?!

Ақылшым, досым, жүрегім,
Сөзіңе құлақ түремін.
Мұңайсаң, бірге мұңайып,
Сен күлсең, мен де күлемін.

Ауадан қымбат, жүрегім,
Ауырып жүрсің білемін.
Тоқтамай әлі тұра тұр,
Табылар, бәлкім, бір емің.

Бейкүнә, адал жүрегім,
Ұзақтау ғұмыр тіледім.
Тоқтасаң егер мен қалай,
Өзіңсіз өмір сүремін?

Қайратты, қайран жүрегім,
Өзгеден өзің ірі едің.
Тағдырым талқан болғанда,
Сабырлық маған тіледің.

Байсалды менің жүрегім,
Байлықтың биік шыңы едің.
Шарапаты аздау жалғаннан,
Шаршадың сен де, жүдедің.

Аяулы, ақын жүрегім,
Ойлаумен сені жүремін.
Екеуміз бірге тоқтасақ,
Табады дейсің кім емін?

Талабы таудай, жүрегім,
Таусылмасыншы жігерің.
Сен әлі елге керексің,
Соға бер, жырла, жүрегім!

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист