Қоғам

Кәсіптік маман даярлау – уақыт талабы

Негізі кез келген салада қандай да бір нәтижеге қол жеткізілетін болса, оған жұмысшы мамандардың да қосатын үлесі зор. Олай болса, еңбек адамына деген құрмет қай заманда болсын кемшін түспеуі керек. Ел ертеңін еңбек адамынсыз елестету қандай қиын болса, демек, жұмысшы мамандарды даярлайтын оқу орындарының да маңыздылығы айрықша. Сондықтан да заман сұранысына сай маман даярлауда осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Шу ауданындағы №10 Шу колледжі туралы қалам тербеуді жөн көрдік. Аталған оқу орнының директоры Тоғжан Мұсаева заман қанша өзгерсе де өндіріс пен құрылыс, жол қатынастары мен ауылшаруашылық, қызмет көрсету секілді салаларда білікті мамандарға деген сұраныс толастамайтынын айтады.