Z-ұрпақтың зейінін қалай ашамыз?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысындағы тапсырмасына сәйкес 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. Ал 2024 жылғы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырыста бағдарламаның мазмұны жаңартылып, осы негізде жұмыс істейтін мектептер саны айтарлықтай өсті.
Осы бастаманы іске асыруда ерекше белсенділік танытып келе жатқан білім ошақтарының бірі – Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы Амангелді атындағы орта мектеп. Біз аталған мектепке барып, бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен жан-жақты таныстық. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі қағидаттарын білім беру үдерісіне терең енгізіп, оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа және еңбексүйгіштікке баулу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Мектепте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру, уақытты тиімді пайдалану аясында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, оқушылардың смартфонға деген тәуелділігін азайту мақсатында тәрбие сағаттары өткізіліп, тіпті ұялы байланыс құралын салатын арнайы қорапшалар да әр сыныпқа орнатылған. Сонымен қатар ауыл ардагерлерінің демеушілігімен мектеп ішіне үлкен шкаф қойылыпты. Мектеп директоры Ақерке Батырбекқызының айтуынша, бұл шкафты орнату бала қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылған.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асырылуына білім ордасы ғана емес, сонымен қатар жергілікті қауымдастық та белсенді атсалысуда. Бұл бастаманы қолдауда ауылдың зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен қоғамдық кеңес мүшелері айрықша үлес қосып келеді. Әсіресе мектепте бағдарламаның мазмұнын тереңдетіп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тәрбиесін оқушылардың бойына сіңіруде ауыл ақсақалдарының да еңбегі зор. Атап айтқанда, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зүттула Райымбердиев, қоғамдық кеңес төрағасы Әлішер Абдуллин, алқабилер алқасының төрағасы Мәдішер Абдуллин және ауылдың өзге де ардагер азаматтары аталмыш жобаны дамытуға жан-жақты демеушілік танытып, оны қаржылық әрі рухани тұрғыда қолдауға айрықша үлес қосуда. Ақсақалдар қауымы жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру, олардың адамгершілік қасиеттерін жетілдіру мақсатында тұрақты түрде мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып келеді. Бұл кездесулер тек тәрбиелік бағытта ғана емес, сонымен қатар өмірлік тәжірибеге, рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген терең мағыналы әңгімелермен өрнектеледі. Қоғамдық кеңестің төрағасы, сондай-ақ Амангелді орта мектебінде домбыра үйірмесінен тегін сабақ беретін Әлішер Абдуллин білімге көңіл аудару мемлекет үшін бірінші орында тұруы тиіс дейді.
Мектеп ұжымының жемісті жұмыстары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Білім ордасына бас сұққан мезеттен пайдалы кеңестерді көзіңіз шалады. Ғимараттың әрбір қабырғасында балалардың біліктілігін арттыратын арнайы бұрыштар орнатылған. Мәселен, тәрбие бұрышы оқушыларды тәртіпке шақырса, денсаулық бұрышы оқушыларды спортқа жетелеуге тырысады. Сонымен қатар әр аптаның дәйексөздері де мектеп қабырғасынан бой көрсетеді. Бұл нақыл сөздер әр апта сайын ауысып отырады. Сондай-ақ мектеп оқытушыларының бастамасымен «Көңілді үзілістер» жобасы да жоғары деңгейде жүзеге асуда. Мұнда оқушылар бос уақытты тиімді пайдаланып, әр сала бойынша білімін одан әрі жетілдіруге ұмтылады.
2024-2025 оқу жылында мектеп оқушылары түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Озат шәкірттер ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларда география, Қазақстан тарихы, математика, ағылшын тілі пәндерінен жеңімпаз атанса, «Зерде» ғылыми-зерттеу жобасы, «Алтын түлек» математикалық, ХVII президенттік, «Алтын сақа» математикалық жәнк «Ақбота» зияткерлік олимпиадаларынан биік белестерді бағындырып келеді.
Мектеп – ел болашағының іргетасы. Сол себепті баланы тұлға ретінде қалыптастыру жолында мектептің берер білімі ұшан-теңіз. Әрине, цифрлы қоғамның кейбір элементтері білім саласының төмендеуіне кері әсер еткені жасырын емес. Алайда аяулы ұстаздар мен білікті де білімді мамандардың ерен еңбегінің арқасында білім сапасы жоғары деңгейге көтерілуде. Бұл тұрғыда Амангелді орта мектебінің байыпты бастамалары көпке үлгі екендігі сөзсіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ