Әлеумет

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»

Көздің жанарын тайдырып, ұяттан жұрдай қылып, жарық дүниені қараңғы, қараңғыны қапас етуші ащы судың арбауына түсіп, соңынан кеткен арақкештердің оңғаны жоқ. Бір қызығы, бұл дауасыз дерттің шипасын таппай жер-жаһанды шарлағандар кеселге шалдыққандардың өзі емес, олардың ет жақын, жанашырлары. Ал сол уытты ішушілер керісінше, өздерінің бас айықпас бәлеге душар болғанын ұқпайды. Әлде ұққысы келмейді, тіпті мойындамайды, сезінбейді де.

Арақ адам баласын бойындағы бар асыл қасиеттен жұрдай етеді. Ұятты ұмытып, жол жиегіне саңғырып немесе қаңғыған итпен бірге әр бұтаның түбіне түнеп, қоқыс аралап жүріп те өзін ешкімнен кем сезіндірмейтін есуастыққа ие етеді. Айлап монша көрмей, апталап ас ішпесе де бір жұтым ащы су үшін жанын сатуға даяр қылып қояды.

Шөлмектің ішіне сыйғанымен сыртына сыймайтын ащыға зәру адамдар бар қалған ғұмырында сол бір жұтым сұйықтыққа тәуелді болып ғұмыр кешеді. Бойға тараған бір тамшы уыт олардың бір кезде ақ бесікке таянып жүріп жеткізген ата-анасын, бір шаңырақта тел өскен жан беріспес бауырларын, тай-құлындай тебісіп бірге ержеткен достарын, тіпті сүйген жар мен бала-шағасын да мәңгілік ұмыттырып жіберуге қауқарлы. Қылмыстың түр-түрін жасатудан да алдына жан салмайтын тағы да осы арақ.

Соны біле тұра бас ұрып, ұға тұрып ұрынатындар проблемасын ұмытып, өздерін еркін, ерен сезіну үшін басында ащы суды ұрттап бастайды. Дәлірек айтсақ, біреу қызық қуып, тағы бірі қайғы арқалатқан жан мұңын ұмыту үшін ішіп көреді. Сөйтіп жүріп салынып кетер болса, ол өз-өзін солай жұбатады да. Ал енді бірі тірлігінің кері кеткенін айтып арақпен жұбанса, енді бір еріккендер ермек үшін масайып жүруді жөн санайды. Сонда ғана әлем аяғының астында қалғандай, бар дүниеуи тіршіліктен азат, ада, елірме күй кешеді. Ақыл айтқан жақынының өзін жат санап, ішкілігін жаңа бастаған сәтте қаша жөнеледі. Кейін телміріп, тиын санап кеткенде жұртты мезі етіп, қашыратын халге қалай жеткенін өздері де білмей қалады. Мұны қазақ «Бірінші ақшаңа, екінші сөзіңді, одан кейін көзіңді сатып ішесің» деп дәл тауып айтқан.

Облыстық психикалық денсаулық орталығында жыл сайын 1 500-ден астам психоактивті заттарды тұтынушылар стационарлық көмекке жүгінеді екен.

Иә, түрлі жағдайда ішкіліктің соңынан кеткендер жетерлік. Есік алдындағы орындыққа сүйеніп отыратын нәзікжандыны біздің аулада танымайтын жан жоқ. Жасы елуді енді еңсерген әйелдің ешқашан таралмайтын, ұйпа-тұйпа шаштары жалбырап, ары-бері өткендерге ісік көзін ыңырана қадап, қол жаятыны бар. Үйден әдеттегідей ыстық бәліш пен сүт қатылған күрең шай ала шығып, қолына ұстаттым. Қасына отырып, әңгімеге тарттым.

Ол ештеңеге құлықсыз күйде, әлденеден жасқана басын шайқап, бәлішті кері ысырып, шай ішті. Бойы үйренген соң меннен зиян шекпейтінін ұғып, күлімдеп отырып өзі туралы айта бастады.

Шыныдай шытынаған ғұмырына налып жылап отырса да ем алудан бас тартты. Ол көшедегі ғұмырына тәуелді еді. Оған солай ұнайды. Бір жылап алып, ғұмырының тамаша екенін әнге қосып жүре берді...

Маратты да жол бойында кезіктірген едім. Сау-тамтығы жоқ көгерген бетін қолымен көлегейлеп, шұрық тесік баскиімін тарта киген 30-дан енді асқан жігітке жаным ашығаны рас. Таңалакеуімде арық түбінде жатып, итпен таласып итаяқтан ас ішкенін жасырмаған жігіттің туған-туысын іздеп видео түсіріп, әлеуметтік желіге жарияладық.

Екі-үш сағаттың ішінде дамылсыз соғылған қоңыраудың бірі Мараттың сыныптасынан болса, енді бірі ауылдасы екенін айтып бәйек болды. Туған бауырлары да көп күттірмеді. Марат ағайынды сегіздің кенжесі болып шықты.

Алайда Маратты таппай қалдық. Ол тағы да өзі таңдаған іздеуі жоқ өмірге қашып кетті. Ел ішінде арақтың салдарынан болған оқиға көп. Ертеде болған сондай оқиғаның біріне тоқтала кетсек, бір тақуа адам өмір сүріпті. Күндердің күнінде ниеті бұзық бір әйел әлгі адамға көңілі ауады. Қол астындағы күңін жұмсап, әлгі адамды үйіндегі бір ісіне көмекке шақырады. Ол кісі көмек беруге келісіп, әйелдің үйіне келеді. Келген заматта әйел тақуа кісіні үйге кіргізеді де күңіне айтып, үйді сыртынан бекітіп тастайды.

Бастапқыда не болғанын түсінбей қалған тақуа кісі сәлден кейін мән-жайды ұға бастайды. Сол кезде барып үйдің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, жанында кішкене бала мен бір құмыра арақ тұрғанын байқайды. Әлгі әйел: «Саған үш шарт қоямын. Менімен көңілдес боласың, бұған келіспесең, мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, мына тұрған арақты ішесің», – дейді.

Әрі-бері ойланып, ешбір амал таппаған әлгі кісі ақыры бір кесе арақ ішіп құтылуды жөн көреді. Арақты ішкеннен кейін қыза бастаған ол әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң нәпсісіне ие болмай, әйелмен зина жасайды. Содан соң осының бәріне куә болған жас сәбиді де өлтіріп тынған екен.

Арақ ешкімге опа әпермеген, әпермейді де. Ең зиялысы – одан бойды аулақ ұстау. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Арақтан аулақ болыңдар. Өйткені ол барлық ластықтың қайнар көзі», – делінген екен. Ғалымдар өте аз мөлшерде пайдаланылған спиртті ішімдіктің бір сағаттан кейін-ақ ерлер мен әйелдердің қанынан байқалатынын дәлелдеген. Ішімдік – харам.

Хадистерде «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам» деп баяндалған екен. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан екен. Олар: арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы. Олай болса, адамзат арақтан бойын аулақ ұстағаны абзал!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ