Мұғалім тапшылығы қайтсе шешіледі?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына көп көңіл бөлу керектігін әрбір Жолдауында айтып келеді. Нәтижесінде жыл сайын білім саласына бөлінетін қаржы көлемі де, қолдау да арта түсті. Алайда соған қарамастан салада шешімін таппаған түйткіл аз емес. Ең маңыздысы – маман тапшылығы.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, қазіргі таңда өңіріміздегі 449 мектепте 231 990 оқушы білім алуда. Оның ішінде 77 717 оқушы Тараз қаласындағы 67 оқу ордасында білім нәрімен сусындауда. Сондай-ақ тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру және өңірлердегі студенттік орын тапшылығы жағдайын теңестіру үшін 2022-2024 жылдар аралығында облыста 24 мектеп пен 5 қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілген.
Облыс әкімдігі білім басқармасының ақпараты бойынша, өңірде педагогикалық кадрлардың тапшылығына мониторинг жүргізіліп отырады. Кадр табылмаған жағдайда бос орындар ұзақ уақыт ашық күйінде қалады. Қажетті пән мұғалімінің жоқтығы өз кезегінде мектептегі ұстаздарға қосымша жүктемеге айналып, мәселені одан әрі ушықтырады.
Басқарма түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен және өңіріміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен меморондумға қол қойған. Осылайша бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту жұмыстары бойынша жоғары оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіліп келеді.
Аудан әкімдіктерінің білім бөлімдері мен мектептер тарапынан жоғары оқу орындарына кадр қажеттілігіне байланысты сұраныстар тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Сонымен қатар білім басқармасы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы маман тапшылығымен белсенді күресуде.
Биылғы оқу жылында облыста 779 жас маман жұмысқа қабылданған. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 195 жас маман ауыл мектептеріне жұмысқа аттаныпты.
Маман тапшылығы мәселесіне қатысты сала мамандарының да өз айтары бар. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, сала ардагері Мадина Кенжетаева мұғалім тапшылығына қатысты өз пікірімен бөлісті.
Тақырыпқа тұздық, жақында білім саласына қатысты тағы бір кемшіліктің шеті көрінді. Өңір бойынша білім саласында сапаны қадағалау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев келтірген деректерге көз жүгіртсек, өңірдегі бірнеше білім ошағындағы білім сапасы сын көтермейтін деңгейде.
Аттестаттаудан өтпей қалған білім ошақтарының басым бөлігін негізгі мектептер мен бастауыш білім беру ұйымдары құрайды. Әйткенмен сол санатқа Мойынқұм ауданындағы Ақбақай, Шу ауданындағы Еңбекші, Тараз қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептердің енгені кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Әсіресе облыс орталығы Тараз қаласына қарайтын білім ордасының осы тізімде тұрғаны да өкінішті-ақ. Қанша дегенмен облыс орталығына қарасты білім ошақтарында сапа жоғары болуы керек емес пе?
Мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім ордаларында кездесетін кемшіліктер бір-біріне қатты ұқсайды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарын лицензиялауға қатысты да бірқатар мәселе туындап отыр. Нақты дерекке сүйенсек, «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы 97 өтініш түскен. Нәтижесінде 3 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектепке бас лицензия берілген. Сондай-ақ 20 мектеп пен 2 колледждің лицензиясы қайта рәсімделіп, 8 білім ұясына қосымша лицензия берілген. Сонымен қатар 56 білім беру ұйымының лицензиялау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты өтініші қанағаттандырылмаған.
Сөз басында айтып өткеніміздей, жыл сайын мемлекет тарапынан білім саласына айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Биыл өңірдің білім саласына 319 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 39 миллиард теңгеге көп. Яғни салаға жауапты басшылар қаржыдан тарығып отырған жоқ. Әйтсе де өңірдегі бірқатар білім ошақтарындағы білім сапасы, маман тапшылығы секілді мәселелер көңіл көншітпей тұр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ