Адал еңбек абыройға бөлейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Жұмысшы мамандықтары жылының» өзегі – халқына адал қызмет етіп жүрген адамдардың мәртебесі мен беделін көтеру. Ал әділетті қоғамда қашанда кәсіби маманның мәртебесі биік тұратыны анық. Міне, сондай маманның бірі әрі бірегейі – Қарағанды медициналық университетінің емдеу факультетінің түлегі Мейрамкүл Қалисаева.
Еңбек жолын 1987 жылы Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының гастроэнтерологиялық бөлімшесінде гастроэнтеролог болып бастаған Мейрамкүл Сапарқұлқызы 2007 жылдан бастап өзінің біліктілігінің арқасында жауапкершілікті қажет ететін облыстық аурухананың гастроэнтерологиялық бөлімшесінің аға ординаторы, кейіннен гастроэнтерология және ревматологиялық №2 терапия бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Отандық медицинаның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кейіпкеріміз өзі туралы айтқанда басқалар сияқты көсіле бермейді. Қайта ыңғайсызданып, тосылып қалады. Бұл да болса оның сөзден гөрі, нағыз істің адамы екенінен дерек берсе керек.
Иә, халі жеткенше халық деп, нұры жеткенше жарық болып жүрген Мейрамкүл сияқты өз ісінің маманы қашанда біздің мақтанышымыз болуы тиіс. Бас-аяғы салаға 37 жылын арнаған маманның қоғамға да, жастарға да беретін үлгісі мен тәжірибесі жеткілікті. Жоғарыда айтқанымыздай, Мейрамкүл Қалисаева жұмысына мамандық ретінде қарап, күнделікті уақытын өткізумен жүрген жоқ. Денсаулық сақтау саласына өмірін, уақытын арнап, терін төккен тұлға.
Мейрамкүл Сапарқұлқызы облыста гастроэнтерологиялық қызметті дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Өзі меңгеруші қызметін атқарып жүрген кезде облыстық аурухананың гастроэнтерология бөлімшесінде алғашқылардың бірі болып IBD (крон ауруы, ойық жаралы колит) бар науқастарға гендік-инженерлік биологиялық терапия енгізді. Республикада алғаш рет дәрігер М.Қалисаеваның бақылауымен және жүргізуімен НЯК ауруына шалдыққан науқас аналарға жүктілікке рұқсат етіліп, нәтижесінде биологиялық терапия алған науқас анадан сау бала дүниеге келген болатын. Әрі білікті дәрігердің басшылығымен облыстық аурухананың гастроэнтерологиялық бөлімшесінде адам ағзасындағы жіңішке (аш) ішектің буылтығын жуумен дуоденальді зондтау жұмысы қолға алынды. Осылайша Мейрамкүл Сапарқұлқызының медицина саласына қосқан еңбегін тізбелеп айта берсек, өлшеусіз.
Отандық медицинаны дамытудың төте жолы – қазақтың ішінен шыққан дәрігерлерді ардақтау екені баршаға аян. Мейрамкүл Сапарқұлқызы осындай аяулы жанның бірі. Ұлт мақтанышы. Нағыз халықшыл дәрігер. Халықшыл екендігінің дәлелі – COVID-19 пандемиясы басталған кезде алғашқылардың бірі болып өзіне коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жасатуы еді. Мейрамкүлдің батыл әрекеті көптеген әріптесі үшін үлгі және жалпы халық үшін мотивация болды. Қиын кезеңде елінің мойнына түскен ауыртпалықты бірге көтерісіп, жұқпалы аурулар ауруханасында ковидті пневмониямен ауыратын науқастарды емдеді. Шын мәнінде, дәл осындай өз өмірін адамдардың денсаулығын сақтаумен байланыстырған дәрігердің адам өміріне қосқан үлесі баға жетпес адами құндылық деп бағалануы тиіс. Сондықтан да Мейрамкүл Сапарқұлқызы денсаулық сақтау саласында атқарған көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және де облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, Жамбыл облысы кәсіподағының грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ кейіпкеріміз «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Еңбек ардагері» атақтарының иегері. Алайда осы атақтар мен халқының қошеметіне тек еңбегінің күші, адал ісі арқылы ғана жеткенін де ұмытпағанымыз абзал. Оны өзі де іштей жақсы түсінеді. Әрі халық үшін істеген әрбір қызметі үшін марапат та, мақтау да күтпейтін ол қарапайымдылығынан бір айныған емес.
Иә, осындай тұлғалармен ұлттың ертеңі жарық, болашағы нұрлы болмақ. Мейрамкүл сияқты нағыз еңбек адамы қоғамның қашанда айнасы болып тұруға тиіс деп ойлаймыз.
Өмірбай САБЫРОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы,
Тараз қаласы