Қоғамдық көліктердің қатары 13 автобуспен толықты
Жуырда Тараз қаласында жаңа 13 автобус пайдалануға берілді. Іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, қоғамдық көліктердің кілттерін табыстады.
«Smart City Service» компаниясы тарапынан жеткізілген «Golden Dragon» маркалы автобустар пандустармен, 360 градустағы бейнебақылау камераларымен, жолаушылар ағымын есепке алуға арналған есептеу құрылғыларымен қамтамасыз етілген.
Бұл қоғамдық көліктер аталған серіктестік қызмет көрсететін №8 және №56 маршруттарға қойылса, осы бағыттағы 2022 жылғы «Golden Dragon» маркалы автобустар тұрғындар сұранысына байланысты №41 маршрутқа беріледі. Ал №41 маршруттағы «Isuzu SAZ LE 60» маркалы автобустар 12 ақпаннан бастап №37 бағытты қайта іске қосады. Аталмыш №37 бағыт облыс орталығына екі ауданнан қосылған елді мекендерге байланысты «Түрксіб» алқабынан бастап, Абай, Байтұрсынов, Лукманов, Арыстан баб, Сыздықов, Д.Бедный, Самарқанд, Балуан Шолақ, Абай даңғылы, Қонаев, Сейфуллин, Б.Момышұлы, Тәуке хан көшелері арқылы «Дорожник» және «Бектөбе» алқаптарына қатынайтын болады.
Жалпы 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 3 жыл көлемінде 200 автобус алып, қосымша 15 маршрут ашу көзделген болатын. Нәтижесінде 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, осылайша жалпы саны 228 автобус жеткізіліп, жоспарланған меже артығымен орындалды.
Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Айталық, шаһар аумағына енген елді мекендерді ескере отырып, №42 және №6 бағыттарға екі-екіден жаңа автобустар қосылды. Сонымен қатар тұрғындар сұранысына орай «Талас» стансасы мен Талас елді мекендерін «Ауыл Береке» базарымен байланыстыратын №62 маршрут қызмет көрсетуді бастады. Бұған қоса биыл тасымалдаушылар есебінен кемінде 60 автобус сатып алып, қосымша 5 маршрут ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек 75 аялдама орнату, қосымша маршруттарға дауыстық хабарлама жүйесін енгізу жұмыстары да жүзеге асады.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы