Жамбыл жаңалықтары

Заң мен тәртіп – баршаға ортақ міндет

Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Тәуелсіздік залы» мәжіліс залында студент жастармен кездесу өтті. Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен аталған оқу орны бірлесіп ұйымдастырған «дөңгелек үстелге» құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жастар арасындағы құқықбұзушылық, есірткіге тәуелділік секілді өзекті мәселелер талқыланған жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, кездесудің мақсаты «Заң және тәртіп» қағидаты аясында пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдау екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес ҚР Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Облысымызда да Президентіміз атап өткендей, заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру жолында облыстық полиция департаменті бірқатар жұмыс атқаруда. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев баяндады.

Нақтылап өтсек, скутер мен самокат тізгіндеген тұрғындарға қатысты 2 111 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 256-сы айыппұл тұрағына қойылған. Сонымен қатар баяндамашы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 136 заңсыз қоқыс орны анықталғанын жеткізді. Волонтер жастардың қатысуымен өткен науқан барысында «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу», «Ортақ пайдаланылатын орындарды, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау» бойынша 14 958 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.

Өз кезегінде Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек те сөз алып, жастарға жаман әдеттер мен қылықтардан аулақ болуға шақырды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ