Спорт нысандары талапқа сай ма?
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде өңірде спорт саласының дамуы күн тәртібіне шығарылды. Жиында саладағы түйткілдерді шешудің жолдары қарастырылып, спорттың дамуына серпін беретін нақты шаралар талқыға салынды.
Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, басқармаға қарасты 54 спорт мекемесінің жетеуі спорт клубы, 39-ы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Сонымен қатар бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы, жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайы секілді басқа да бірқатар нысандар ел игілігіне жұмыс істеп тұр.
Басқарма басшысы облыста олимпиадалық емес спорт түрлерінің үлесі қысқартылып, қаржының тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау мақсатында олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 28 жаттықтырушы мен 414 спортшы «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубына ауыстырылғанын атап өтті. Сондай-ақ салаға бөлінген қаржы, оның ішінде мемлекеттік спорттық тапсырысқа қаралған қаражат, бұқаралық спортты, олимпиадалық спортты дамыту, спорттық секциялармен жасөспірімдерді тегін қамту, кезекте тұрған балалар саны, спортшылардың жетістігі секілді басқа да шаруаларды жан-жақты баяндады. Еліміздің құрама командасы сапындағы облыс спортшыларының халықаралық маңызды жарыстарда табысты өнер көрсетулері үшін басқарма тарапынан қабылданатын бірқатар жедел шараларға да тоқталды.
Жиында облыс әкімі спортшыларға қолайлы жағдай жасаудың артықшылығын, тұрғындардың жүйелі түрде спортпен айналысуы және спортпен шұғылданушылар санын арттырудың маңыздылығын, спорт мектептерінде, клубтар мен кешендерде жаттықтырушыларға қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін сөз етті. Бұдан бөлек Ернар Таласбайұлына олимпиадаларға дайындық барысында қолданылатын жаңа тәсілдер мен технологияларды, жаттығу орындарын ауыстыру мүмкіндіктерін, қай жерде дайындық жүргізу тиімді екенін жан-жақты зерттеп, ұсыныс дайындауды тапсырды. Елді мекендердегі тозығы жеткен спорт нысандарының да жай-күйіне тоқталды.
Аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алған Ербол Қарашөкеев спорт кешендерінің құрылысына бөлінген қаржының толық игеріліп, барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін тапсырды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша берілген тапсырмалар мен жоспарланған іс-шаралар уақытылы орындалып, қатаң бақылауда болуын жауаптыларға жүктеді.
Бұдан кейін облыс әкімінің Шу ауданы халқымен кездесуінде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ