Жаңалықтар

Жамбыл облысында жылқыларды чиптеу жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысында 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде,деп хабарлайды arainfo.kz

Өңірдегі ауыл шаруашылығының жай-күйіне және нақты көрінісіне толық көз жеткізу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жалғасуда.

Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың айтуынша, сиыр, ешкі, қой, түйе сияқты малдар мемлекет есебінен тегін бірдейлендіруде.

Жылқыларды чиптеу иесінің есебінен жүзеге асырылады. Бұрын бұл қызметтің құны 1 200 теңгені құраған. Бүгінде баға 350 теңгеге дейін төмендеді. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шаруалар таңбалаудың электрондық тәсілін қолдады.

Жақында Меркі ауданындағы «Ар-Ас» шаруа қожалығы 350 бас жылқыға чип енгізді.

Өтініштер Шу ауданының шаруаларынан да келіп түсті: жеке қосалқы шаруашылықтарда 150-ге жуық бас жылқы чиптелді.

Мұндай шаралар облыстың барлық аудандарында өтеді. Облыс бойынша барлығы 173 129 бас жылқы чиптелді.