Адвокаттық сауалға уақытылы жауап берілуі керек
Адвокаттық сауалдарға жауап беру мерзімдерін бұзу да заңбұзушылық болып саналады. Бұл үшін лауазымды тұлғалар мен заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
Оларға әкімшілік айыппұл салынуы немесе өзге де құқықтық шаралар қолданылуы мүмкін. Мұндай жауапкершілік адвокаттардың кәсіби қызметіне кедергі келтіруді болдырмау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында белгіленген.
Облыстық Әділет департаментінің атына жолданатын өтініштер арасында адвокаттардың адвокаттық сұрау салуы бойынша ақпарат бермеу туралы өтініш жиілеп кетті. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының 35-бабының 8-тармағына сәйкес мемлекеттiк органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар адвокаттың заң көмегiн көрсетуiне байланысты сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге мiндеттi. Егер ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған жағдайда, адвокатқа сұратылып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 668-бабына сәйкес, адвокаттың немесе адвокаттар алқасының, заң консультациясының, адвокаттық кеңсенің заңды қызметін жүзеге асыруына кедергі келтіруге тыйым салынады. Мұндай кедергілер негізінде жазбаша сұрау салу бойынша қажетті құжаттарды уақтылы ұсынбау немесе мүлде ұсынудан бас тарту түрінде кекздеседі. Бұл құжаттар адвокаттардың кәсіптік міндеттерін орындауы үшін қажет. Егер аталған әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, онда жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Лауазымды адамдарға он бес, ал заңды тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар қолданыстағы заңнама шегінде және мерзімдерінде адвокаттық сауалға жауап беруі қажет.
Әсел Тұрғанбаева,
облыстық әділет департаменті құқық түсіндіру жұмысы және
заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің міндетін атқарушы