Жауынгер жанрдың жүйрігі
Карикатура – жауынгер жанр. Бұл қоғамдағы түйткілді мәселелерді, халық пікірін сурет арқылы билікке жеткізудің бір жолы. Карикатура тек кемшілікті ғана көрсететін жанр деп тар ойлайтындар да бар. Шынтуайтында, карикатура арқылы жақсылықты да, кемшілікті де теңдей етіп көрсетуге болады.
Жуырда белгілі карикатурашы, Мәдениет саласының үздігі, суретші-мүсінші Қали Қораласбаевтың «Жемқорлық – жегіқұрт» тақырыбындағы кезекті көрмесі өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркемсурет галереясында өткен көрмені тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.
Көрмедегі әр сурет сыбайлас жемқорлықты жою, пара берудің де, алудың да пайдасы жоқ үлкен қылмыс екенін ұғындырып тұрғандай. Іс-шарада суретшінің 160-қа жуық карикатура және графикамен қоса әртүрлі техникадағы суреттері қойылды.
Жиында кеш иесінің әріптестері, ҚР Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Құсайынов, одақтың мүшелері Айдархан Сихаев, Мураджон Рахимжанов, Мұхтар Егізеков қылқалам шеберіне жылы лебіздерін арнап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, мәдениет майталманы Айман Орманова көрмеге оң бағасын берді.
Көрмеде суретшінің «Көз жас тас жарады», «Парақор», «Халықтың көз жасына семіргендер», «Тойтарыс» карикатуралары ерекше назар аудартты. Бұл туындылар қазіргі кездегі әлем жұртшылығын алаңдатып отырған соғысты тек ауызбіршілік арқылы тоқтатуға болатындығын көрсетеді. «Пәле» карикатурасы болса, кейбір кезде кішкене олжаның артында түйедей қатер тұратынын бейнелесе, «Алмасу» суреті жұмыссыздық мәселесін көтерген. Жалпы қылқалам шеберінің қай туындысы да адамға үлкен ой салады.
Суретшінің қоғамда орын алған, жат іс-әрекеттерге өз көзқарасын білдіретін карикатуралары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп келеді.
Іс-шара соңында Қали Ерғазыұлы да сөз алып, көрмеге келушілерге ризашылығын білдірді.
Гүлназ КӨЛБАЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
көркемсурет галереясының көрме
ұйымдастырушы маманы