Жастар

Талапкерлердің таным көкжиегін кеңейткен көрме

Таразда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының көрмесі өтті. 10-11-сынып оқушыларына арналған іс-шара еліміздегі жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында ұйымдастырылды. Кәсіби бағдар беруді көздеген көрмеге оқушылар, олардың ата-аналары, мұғалімдер мен білім саласының мамандары қатысты.

«Study in Kazakhstan» көрмесінде 20-дан аса шетелдік жоғары оқу орнының Қазақстандағы филиалдары таныстырылды. Бұл бастама мектеп бітіруші түлектердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағыт-бағдар беріп, еліміздегі білім беру кеңістігін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді көздейді.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бүгінгі таңда білім саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда сапалы білім алу мүмкіндіктері жылдан-жылға артып келеді.

Көрмеге қатысушылар шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының өкілдерімен тікелей пікір алмасып, оқуға түсу талаптары, оқу ақысы, стипендиялар мен жеңілдіктер туралы ақпарат алды. Сондай-ақ халықаралық академиялық алмасу бағдарламалары мен қосдипломды білім беру жүйесі бойынша білім алу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев көрменің жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Көрме барысында педагог-профориентолог Айдос Жұманазар мектеп бітірушілерге психологиялық кеңес өткізді. Ол мамандық таңдау кезінде тек еңбек нарығындағы сұранысты ғана емес, адамның жеке қабілеті мен қызығушылықтарын ескеру қажеттігін атап өтті.

Көрменің екінші бөлімінде волонтерлер мектеп түлектеріне экспозицияларды таныстырып, викториналық ойындар ұйымдастырды. Бұл ойындар талапкерлердің логикалық ойлау қабілетін дамытып, болашақ мамандықтарына байланысты қызықты сұрақтарға жауап беруіне жағдай жасады.

Көрмеге келген мектеп оқушылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен танысты. Сондай-ақ оқушылар мен олардың ата-аналары бұл іс-шараның үлкен көмек болғанын жеткізді.

Айжан ӨЗБЕКОВА