Білгім келген бір сұрақ?

Жуалы қалай орыс селосына айналды?

Қарашекпендердің жаппай қазақ жерін тартып алып, Ресейден шұбырып көшіп келген кезінде ең көп жапа шеккен Әулиеата уезі, Билікөл болысы №7 ауылдың қазақтары еді. Бұл ауылда екі жүз шаңырақ ел болған. Осы жетінші ауылдың тау бөктеріндегі 1 500 десятина (қазір шамамен 1 500 гектар) жерін ауыл тұрғындарының хабарынсыз сыртынан құжат жасатып, орыс шаруаларына сатып жіберген. Бұл құжат сол замандағы орыс тілінде былай аталады: «Приговоръ объ уступке земельного участка». Бұл аталған жерлер: Жетітөбе, Құлантау, Тасбастау, Көкбастау деген шөбі шүйгін, топырағы майлы жерлер еді.

Сол ескі заманда бұл жерлердің жалпы атауын бір сөзбен «Жуалы-су» деп атайды екен. Жетінші ауылдың жерінен айырылып қалған кісілері Омар Есенгелдиев пен Нысанбек Төлебаев атынан 1906 жылы Оязнайға бірнеше рет мынадай мазмұнда ариза хат жазады:

«Біз бұрын Теріс арықтың бойынан бір ғана Маслов деген орысқа жер берген едік. Ол егін егеміз деген. Енді орыс шаруалар келіп, біздің барлық жерімізді алып қойып, бізді қыстауларымыз бен жайлауларымыздан, жоңышқалық жерімізден қуып жатыр.

Шымкент уезі, Қошқарата болысы қазақтары Иса Батырбеков пен Райымбек Батырбеков осы біздің жерлерді «бос жатқан жерлер» деп шекарасын Әулиеата уезінің жерсіз жүрген орыстарына көрсеткен. Пристав пен переселендер және жер өлшегіштер (землемер мамандар) біздің жерге келген. Переселендер егер осы жерлерді бізге алып берсеңдер патша үкіметі Иса мен біздің болыс Жұмақұл Кісебаев екеуіңе де награда береді деп дәмелендірген. Біздің болысты шақырып, осы іске көндірген. Исаның бұл ісін бізге қасақана қылған ісі деп ойлаймыз. Исаның ақыл айтуымен болыс басқарушымыз Жұмақұл Кісебаев, старшын Дәуқара Бақтияров, Кәрімбай (Кәрібай) Қарашев, Нышан Райев, Тілқожа Тастанбеков, Нұржігіт, Қожам, Мырзалы Батырбеков, барлығы сегіз кісі жалған құжат «Приговор» жасап, 200 шаңырақтың атынан мөрлеріміз бен таңбаларымызды салған. Мына кісілер Исаның сөздерін естіген және жалған құжатты жасау барысында куә болып тұрған: Шөбек Есенгелдиев, Түймебас Есенгелдиев, Кеншінбек Орынбаев, Жүзбай Жұмашев, Нұрсейіт Батырбаев, Сайдалы Қыдырмаев, Байтөре Таңатаров. Біздің болыс пен жоғарыда аты аталған сегіз кісінің кесірінен біз мал-мүліксіз, жерсіз күйзеліп қалдық. Бұл бізге Болыстың да жасаған қысастығы, себебі біз сайлау өткенде оған шар салмаған едік. Егер бұлар бізге жамандық ойламаған болса, бізді мәжіліске шақырар еді, біздің шаруаларға кеткен жеріміздің орнына басқа жерді береміз деп уәде айтар еді ғой. Қазір біздің еліміз жерсіз қалып, кедейлікке ұшырады. Біздің ешбір кінәміз жоқ. Жерімізді өзімізге қайтаруды сұраймыз», деген екен.

Арыз 1906 жылы 14 сәуір күні жазылған. Ал Асы учаскесінің пристав бастығы: «№7 ауылдың қазақтары өтірік айтады, олардың жайлауына да, қыстауына да тиіскен жоқпыз. 1 500 десятина жерді қоныстанушыларға бөліп бергені рас. Мәжіліс шақырғанбыз, 201 шаңырақ үйден 171 үй егесі келген. Яғни жалпы жұрттың 3/2 қатысқандықтан бұл жасалған «Приговор» заңды болып саналады. Бірақ ол жерлердің ішінде Түймебас Есенгелдиевтің жері жоқ», –деп жауап береді.

«Арызданушы Нысанбек Төлебаев деген кісі өзі және ағайындарымен бірге мал ұрлаған ұры, бұрын сол үшін Жетінші ауылдан қуылған» деп арызданушылардың өздеріне жала жабады.

Қысқасы, үкімет билігі өз жерін өзіне қайтаруды өтініп арыз жазып, әділдік сұрап келген екі жүз үй қазақтың беткеұстар азаматтарын арызқой «жалобщик» қылып шығарады. Арыздарын қараусыз қалдырады.

Енді мына қызыққа қараңыз. Әулиеатада тұратын 35 үй орыстың жазған хаты бар. «Бұл жер тау баурайындағы теңіз деңгейінен өте биік жер, қыста өте суық болады. Көшпелілер қыста бұл жерде тұрмайды. Себебі қақаған аяз болады. Сондықтан қысқы уақытта ешкім тұрмай бос жатады. Үш аңғар сайдан тұрады. Сол үш сайдың бірінде қазір полковник Масловтың шаруашылық жері бар. Ол жерге жылқысын бағады. Енді сол екі сайдың жеріне орыс поселкесін салсақ жақсы болар еді. Суландыруға болады. Бірақ айтушыларға қарағанда, бұл жерді суландырудың да керегі жоқ. Себебі жауған қар мен жаңбырдың суының өзінен шөп пен егін бітік шығады. Осы жерді бізге беруді сұраймыз» деп аяқталады өтініш хат.

Уездік басқармаға осы сияқты көптеген хат жан-жақтан келген. Кейін осы жерлер үкіметтің пәрменімен «Переселенческий участок Джувалы» деп аталды.

Негізінен Әулиеатаға жерсіз жүрген мещандар келіп қоныстанды. Сондай-ақ Воронеждің Острогож уезінен келгендер көп еді. Патша үкіметінің демеушілігімен бұл аңғарда Бурно-Ивановское, Кастальевка, Кремневка, тағы да басқа бір емес, бірнеше қарашекпендердің селолары салынады. Бурно-Ивановское 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Бурное деп қысқартылып аталды. Қазіргі атауы – Бауыржан Момышұлы ауылы.

Жалпы қорытындылап айтқанда, Иса Батырбеков пен оның жолдастарының бұдан басқа да жер-су дауларына араласқаны белгілі. Иса әйгілі Батырбек датқаның ұлы. Батырбек датқа Қоқан хандығы кезінен бері қазақтың Сиқым руын билеген әйгілі кісі. Сиқымдардың ең саны көп ру екенін ескерген патша үкіметі Батырбек датқаны жақтырмаса да онымен санасуға мәжбүр болған. Ресей отаршыл үкіметі датқалық билікті жалғастырған жоқ. Батырбек балаларының ішінде ең ептісі Иса еді. Иса Қарабұлақ болысында, Қошқарата болысында, тағы да көптеген болыста болыс басқарушысы қызметін атқарған. Иса бір басына жететін дәулеті бар бай және Шымкент пен Әулиеата өлкесінде ең атақты кісі болған. Бірақ өкінішке қарай, түрлі даулы мәселелерге шатылып жүрген. Бір деректерде сайрамдық өзбек ұста Майүсіпке Қоқан ханының аты жазылған жалған мөр жасатты деп айыпталады. Тіпті Исаның Қошқаратаға көшіп кетуінің өзі осы тәрізді даулы мәселелерге араласқанынан деп айтылады деректерде. Біздің ойымызша, патша үкіметі бұл жерлерді Иса көрсетпесе де түрлі амал-айласын тауып қазақ халқын Жуалыдан көшіріп жіберер еді. Сондықтан жалғыз Исаны немесе басқа бір кісіні айыптаудан аулақпыз. Анығы Аллаға мәлім. Шындығын айтқанда, жерден айырылуға көшпелі халықтың жаппай сауатсыздығы, болыстардың сатқындығы мен орыс отаршыларының арамза саясаты да себеп болған.

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ,
тарихшы-генеалог