Жастар

Жаңашыл жастың құнды қосымшасы

Ән жазып, сурет салып, мәтінді де теріп беретін жасанды интеллекттің мүмкіндігі шексіз. Алайда тұрмыс-тіршілігімізге дендеп енген жасанды интеллект адам еңбегін құнсыздандырып жібереді деп алаңдаушылық білдіріп жатқандар аз емес.

Дегенмен тиімді пайдалана білсең ЖИ-дің ұтымды тұстары көп. Әсіресе оқушылар мен мұғалімнен бастап өзге де түрлі сала қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін онлайн көмекшілердің пайдасы зор. Жақында меркілік оқушы Медет Есенбай өз қатарластарына арналған тамаша чат-бот жасап шығарды. Биыл мектепті тәмамдағалы отырған жас өнертапқыштың Қазақстан тарихы пәні бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға көмектесетін тест-боты расында да пайдасы мол қосымша.

Он алты жасар Медет Меркі ауданындағы М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектепте оқиды. Бір қызығы, бала кезінен технологияларға ерекше қызығушылық танытқан оқушы робототехника үйірмесіне мүлде қатыспаған. Бағдарламалау тілі, технологияның шексіз мүмкіндіктері туралы ғылымға терең бойлауына мектептегі информатика пәнінің мұғалімдері ықпал еткен.

«UBT Kazakhstan with Medet» атты электронды қосымша – Қазақстан тарихынан ҰБТ-ға дайындалуға көмектесетін тест бот. Ол оқушыларға маңызды жылдарды, оқиғаларды жаттауға, тестерді шешуге және өз білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Ботты жасап шығару жөніндегі идея Медетке ҰБТ-ға дайындалып жүргенде келген.

Қазіргі таңда чат-бот «Telegram» платформасында жұмыс істейді. Пайдаланушылар оны «https://t.me/medetesenbai_bot» сілтемесі арқылы немесе арнайы бот атауын іздеп тауып, іске қосып пайдалана алады.

Жаңашыл жас чат-ботты жасауға шамамен 2-3 ай уақыт жұмсаған. Тәжірибесі аз болғанына қарамастан ұстаздары Әлия Зорықбаева, Ботагөз Құлмағамбетованың қолдауымен алғашқы жобасын сәтті іске қосты. Осы ботты жасау барысында басқа да мектептерден мақсатты чат-ботты іске қосуға қатысты шағын жобаларға ұсыныс түсе бастаған. Сол секілді өткен жылы өзі білім алатын мектепте 8 наурыз мерекесінде алғаш рет квест-бот жасап, мерекені жаңа бағытта өткізуге септігін тигізген.

Өнертапқыш өреннің үлкен жетістіктерінің бірі – халықаралық «BeginIT» жобасына қатысуы. Өткен жылы «InDrive» компаниясы талантты оқушыларды қолдауға арналған «BeginIT» байқауын ұйымдастырған болатын.

Бұл лагерь маған тек білім беріп қана қоймай, көзқарасымды кеңейтіп, жаңа достар табуға көмектесті. Жоба маған үлкен мотивация берді және көшбасшылық жағынан өзімді одан әрі дамытуға деген қызығушылығымды арттырды, – дейді М.Есенбай.

Робототехникадан үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жігерлі жігіт әдебиет әлемін де жатсынбайды екен. Қолы қалт еткенде қаламды серік ететін Медет қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жүзден астам өлеңін жатқа біледі, қайсысын сұрасаң да мүдірмей оқып бере алады. Енді қара сөздерін түгел жаттауға кіріскен.

Дарынды жастың ұстазы Әлия Зорықбаева да үздіктер қатарынан көрініп жүрген шәкіртімен мақтанады.

Ал Медет алдағы уақытта чат-ботын толықтырып, мүмкнідігін арттырып, оны еліміздің оқушылары үшін қолжетімді әрі пайдалы етуді көздеп отыр. Сонымен бірге алдағы уақытта басқа пәндер бойынша да осындай интеллектуалды оқу құралдарын жасауды ойластырып жүр. Болашағын анық жоспарлай алатын өреннің ең басты қалауы – Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға түсу.

Бір айта кетерлігі, жыл басында «Robotek» робототехника байқауының аудандық кезеңі өткен болатын. Аудандық байқауда І орын иеленіп, облыстық кезеңіне жолдама алады. Облыстық сайыстан да сүрінбей өтіп, I орынды еншілейді. Енді меркілік жастар «Robotek» байқауының көктемде өтетін халықаралық кезеңіне дайындалып жатыр. Жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орынмен ораларына сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ