Жеделдік жетістікке жетелейді
Кеңпейілді, үлкен жүректі, мамандығының майталманы Күлзахира Қызғараева еңбек жолын 1981 жылы қазіргі Тараз қалалық ауруханасында бастаған. Медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбек өтілі кейіпкерімізді 2014 жылы жедел жәрдем стансасына алып келеді. Міне, сол уақыттан күні бүгінге дейін жедел жәрдем стансасында бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары қызметін атқарады.
Күлзахира Сапарқұлқызы Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1993 жылы аяқтап, дәрігер мамандығын алып шыққан.
Әріптестері ақ халатты абзал жанды білікті маман және жұмыс тәжірибесі мол тұлға ретінде құрмет тұтады. Ем алушылар да мамандығына жан-тәнімен берілген және жауапты маман ретінде біледі. Ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленген, тез тіл табыса алатын, әріптестері арасында сый-құрметке ие қызметкер жас мамандардың тәлімгері ретінде ұжымның қоғамдық өміріне белсене араласқанды жаны сүйеді. 2018 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2021 жылы «Халық алғысы» медалімен, ал 2023 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Жедел жәрдем көрсетуі тиіс дәрігердің шешімі де өте жылдам әрі сауатты болуы шарт. Ойланып тұратын уақыты жоқ. Қиын жағдайлармен бетпе-бет келгенде минуттардың өзі таптырмайтын қымбат қазынаға айналатыны бар. Дәл сондай уақыттың уысында адамның ғұмыры ілініп тұрғанын білгенде дәрігер өз басына төнген қауіпті ысырып тастап, басына күн туған адамды аман алып қалуды ғана ойлайды.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне кейде тапқырлық та қажет. Бірде тұрғындар көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі аяғы үси бастаған маскүнемге жаны ашып, жедел жәрдем шақыртады. Мамандар шақырту бойынша барса, әлгі маскүнем жертөледен шықпай әбден әлекке салыпты. Ақ халатты абзал жандардың бар мақсаты – адамның аяғын аман алып қалу. Алайда маскүнем өзіне төнген қауіпті сезбейді. Айтқанға көнбей қойған соң, лаждап ауруханаға жеткізудің амалымен Күлзахира Сапарқұлқызы су құйылған бөтелкені көрсетіп: «Шықсаң, мына арақты саған беремін», – дейді. Ішімдіктің атын естігеннен көзі бал-бұл жайнаған кісі атып шығады. Тағы да «көлікке мінсең, беремін» деп алдап, жедел жәрдем көлігіне мінгізеді. Ауруханаға жеткенше ішімдік сұрап аласұрған бейбақты басу оңай болмапты. Алдарқатып, амалдап ауруханаға жеткізген ақ халаттылар көше кезушінің үсік шалған аяғын әрең аман алып қалыпты.
Қиындығы мен қызығы мол мамандықты меңгерген ақ халатты абзал жан түрлі жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болып жүр. Шашылып қалған тәнді де, адасып қалған жанды да көрген Күлзахира Сапарқұлқызы үшін бір-ақ қауіп бар. Ол – үлгермей қалу. Сол үшін асығады. Жолыңыз ақ болсын, жедел жәрдемнің жылдам адамы!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ