Әлеумет

Атауынан айырылған мәдениет үйі

Әлжаппар Әбдіхалықұлы – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, соғыс ардагері, Сарысу ауданының өнері мен мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол тағдырдың қатал сынынан өткен адам.

Ә.Әбдіхалықұлы ашаршылық жылдары әкесінен айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Өнерге деген құштарлығы оны жастайынан домбыра тартып, ән салуға, сахнада өнер көрсетуге жетеледі. 1935 жылы сыныпты үздік аяқтағаны үшін жаз айында қазіргі Түркістан облысының сол кездегі «Ванновка» балалар демалыс орнына жіберіліп, мектеп оқушылары арасында өткен республикалық байқауда жүлдегер атанып, болашақ шығармашылық жолының іргетасын қалады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинградты қорғауға белсене қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, мәдениет саласында жемісті еңбек етті. Саудакент ауылындағы мәдениет үйін басқарып, оны нағыз өнер ордасына айналдырды. 1955 жылы құрған домбыра ансамблі кейін халық оркестріне айналып, үлкен жетістіктерге жетті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен талантының арқасында мәдениет ошағы республика деңгейінде мойындалып, «Халық театры» атағын алды.

Әлжаппар Әбдіхалықұлы өнер мен мәдениеттің нағыз жанашыры болып қана қоймай, халықпен етене жақын болды. Автоклуб меңгерушісі ретінде ауылдарды аралап, өнерді елге жеткізіп, ауыл сахнасын үлкен өнер сахнасына айналдырды. Еңбегі жоғары бағаланып, 1966 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Бұл – оның мәдениетке сіңірген зор еңбегінің дәлелі.

Әлжаппар Әбдіхалықұлы 1982 жылы дүниеден өтті. Он жылдан кейін Саудакент ауылындағы өзі еңбек еткен аудандық мәдениет үйіне есімі берілді. Алайда сол кезде аудандық мәдениет үйіне Әлжаппар Әбдіхалықұлының атын беру туралы аудан әкімінің шешімі шығып, мәдениет үйінің маңдайшасына кейіпкеріміздің есімі жазылғанымен, ол атау 30 жыл бойы заңсыз тұрған көрінеді. Ал одан ұрпақтары хабарсыз. Себеп – тоқырау жылдары аудан орталығы Жаңатас қаласына көшіріліп, бұл ауылдық мәдениет үйі болып қалса да Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімі біз сөз етіп отырған мәдениет үйінің маңдайында бертіңгі кезге дейін жазылып тұруы. Тек атау алынып тасталғанын ұрпақтары 2022 жылы білген. Бүгінде қоғамнан әділдік іздеген Әлжаппар Әбдіхалықұлының ұлы Қалабай Әбдіхалықов өнер ошағына әкесінің есімін қайтаруды ойлап бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын айтады.

Бұл мәселенің туындауына нақты не себеп болғанын, атау қандай негізге сүйеніп алынып тасталғанын анықтау үшін Сарысу аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейіловаға хабарластық.

Осы ретте біз «Заңсыз болса, аталған ауылдық мәдениет үйінде Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімін неге ертерек алдырып тастамадыңыздар? Ол нысанға атау беру заңға қайшы болса, атаусыз тұрған аудандық мәдениет үйіне неге есімін бермеске?» деген сұрақ қойдық.

Біз екі тарапты да тыңдап, мәселеге барынша қанықтық. Аталған мәдениет үйінің атауы бойынша мәселенің туындауына кезінде осы шаруаның басы-қасында жүргендердің істі аяғына дейін жеткізбеуі себеп болған. Сол үшін де заңнамалық талаптарға сәйкес мәселе оң шешім таппай отыр. Десе де әрі қарай да ізденетінін айтқан Қалабай Әбдіхалықов оң шешімге қол жеткізетінінен үмітті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Сарысу айданы