Мәдениет

«Жат жұрттағы қазақтардың тағдыры мен өмірі»

Жақында жерлесіміз, жас журналист Қадірәлі Сарыпбектің «Жат жұрттағы қазақтардың тағдыры мен өмірі» атты кітабы қолымызға тиді. Тақырыбының өзі оқырманды қызықтырып тұрған жаңа жинақты қызығушылықпен оқып шықтық. Әлемдегі этникалық қазақтар туралы зерттеу жүргізгісі келетін мамандарға арналған кітапқа автордың шетелдегі қазақтар жайлы жазған мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған екен.

Кітап «Ауған қазақтарының қилы тағдырлары және мұң-мұқтаждары», «Пәкістан қазақтарының қиындыққа толы күнкөрісі», «Иран қазақтарының атажұртқа оралуындағы кедергілер», «Қаймағы бүзылмаған Моңғолия жеріндегі қазақтар», «Қарт құрлықтағы қазақтардың тіршілігі мен бақ дарыған өмірі» атты бөлімдерден тұрады.

«Ауған қазақтарының қилы тағдырлары және мұң-мұқтаждары» бөлімінде Ауғанстан еліндегі этникалық қазақтардың проблемалық мәселелері мен олардың атажұрттан қоныс аударғандағы тарихы баяндалған.

Ал «Пәкістан қазақтарының қиындыққа толы күнкөрісі» бөлімі құжаты жоқ қандастардың осы елдегі күнкөрістерін баяндап, қиындыққа толы өмірлерін суреттеген.

«Иран қазақтарының атажұртқа оралуындағы кедергілер» бөлімінде Иран Ислам Республикасындағы этникалық қазақтардың жай-күйіне тоқталыпты.

– Кітапты шығаруға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ертай Қожахметұлы көп көмегін берді. Ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол кісіге шынайы ризашылығымды білдіріп, үлкен алғысымды жеткізгім келеді, – дейді 28 жастағы автор.

Кітап әзірге санаулы данамен жарық көрген. Жаңа жинақ әлемдегі этникалық қазақтар туралы зерттеу жүргізгісі келетін мамандарға және қалың оқырман қауымға арналған.

Автор осы бағытта бірге серіктестік орнатып, қандай да бір сұрақтар бойынша байланыс орнатуға дайын екендігін жеткізеді.

«AR-AI»-ақпарат