Жастар

Чемпиондар ауылдан шығады

Түрлі додалардан топ жарып жүрген жастарға қарап көңіліміз марқайып қалады. Ал осындай жастарға ерік-жігер беріп, намысын қайрау үшін аға буынның ақылы керек-ақ. Осы мақсатта жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданымыздың абыройын үлкен ареналарда асқақтатып жүрген жас спортшылармен кездесу өтті. Іс-шараға аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айқаныш Исрайлова, жас спортшылар, белсенді жастар қатысты.

Кездесуге арнайы келген Отар ауылдық округінің спортты жанына серік еткен жастары өткен жылды табысты қорытындылады. Мәселен, Шариз Буралкинова дзюдо және кураштан халықаралық, республикалық турнирлердің чемпионы атанса, Руана Досымова дзюдодан республикалық жарыстарда бірнеше рет топ жарды. Ал Ерсін Амантай дзюдо, самбодан халықаралық және республикалық турнирлерде жасындай жарқылдады. Бозкілем шебері Нұрислам Ботағараевтың да бағындырған биіктері аз емес. Ел біріншіліктерінен, халықаралық сайыстардан олжалы оралған спортшылардың жетістіктері бапкер Байрам Бегжановтың табанды еңбегінің жемісі екендігін де айта кетейік.

Кездесуді ашқан Айқаныш Исрайлова жас спортшыларға аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, алдағы байрақты бәсекелерде де жеңіс туын желбірете берулеріне тілектестік білдірді.

Мұнан соң жиынға қатысушылар сөз алып, ауданымыздың мақтанышына айналған спортшыларға сұрақтарын қойып, ізгі тілектерін арнады.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ,
Журналист,
Қордай ауданы