Жастар

Патриоттыққа тәрбиелеу – негізгі ұстаным

Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған бірегей институт. Бүгінде Ассамблея жастар арасында толеранттылықты дамыту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және білім беру жүйесінде этностар арасындағы достықты нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Қазіргі жүзеге асып жатқан бастамалар мен болашақта атқарылатын міндеттер Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал ететін факторлардың бірі болып табылады.

Ассамблея білім беру саласында жастардың этносаралық келісім құндылықтарын түсінуін арттыру мақсатында түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соның ішінде «Bіlіm» білім беру волонтерлігі жобасын ерекше атап өтуге алады. Бұл жоба арқылы мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, жастарға цифрлық сауаттылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік жобалау дағдыларын үйрету көзделген. Сонымен қатар арнайы тренингтер ұйымдастырылып, жастардың білім алуға деген ынтасын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізілуде.

Үш тілде білім беруді дамыту аясында ҚХА арнайы жол картасын іске асыруда. Бұл бастама жастардың әлемдік деңгейде білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, оларды бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруды көздейді. Жас ұрпақтың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, сондай-ақ шет тілдерін үйрету арқылы олардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері басты назарда.

Алайда аталған бастамаларға қосымша жастардың этносаралық келісім жөніндегі білімін тереңдету мақсатында білім беру жүйесінде арнайы пән енгізілсе, ұтымды шешім болар еді. Орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына «Этносаралық келісім және толеранттылық» атты пәнді қосу – қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудың тиімді жолдарының бірі.

Бұл пәннің негізгі мақсаты – жастарға Қазақстан халқының мәдени саналуандығы туралы кешенді білім беру. Оқу үрдісінде қазақстандық бірегейлік ұғымын қалыптастыру және толеранттылық принциптерін сіңіру басты назарда болғаны жөн.

Пәннің мазмұны Қазақстан халқының мәдениеті мен тарихын зерттеуге негізделсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жастар әртүрлі этностардың салт-дәстүрлері мен олардың елдің дамуына қосқан үлесі туралы жан-жақты ақпарат алып, көпмәдениетті ортада өзара сыйластық пен ынтымақтастық негізінде әрекет етуді үйренуі маңызды. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, этносаралық қарым-қатынастарды нығайтуға оң ықпал етеді.

Осылайша «Этносаралық келісім және толеранттылық» пәнін енгізу – жастарды бейбітшілікті сақтауға тәрбиелеудің тиімді құралына айналып, Қазақстандағы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға негіз болады.

ҚХА жастар саясаты аясында түрлі форумдар, конференциялар мен мәдени іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бұл тұрғыда аймақтық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігіне артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Бұл қозғалыс жастарды ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға белсенді түрде тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар этносаралық келісім бойынша жазғы мектептер мен форумдарды көбейткен дұрыс. Мұндай шаралар жастардың бір-бірімен араласуына, әртүрлі этностардың мәдениетімен тереңірек танысуына жол ашады. Аймақтық және халықаралық жастар лагерьлерін ұйымдастыру арқылы жастарға ортақ құндылықтарды дәріптеу мүмкіндігі артады.

ҚХА бастамасымен өткізілетін жастар форумдары жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал етеді. Жақында өткен форумдардың бірінде жастар саясатының өзекті мәселелері, олардың кәсіпкерлікке араласуы және Қазақстандағы этностар арасындағы достықты нығайту жолдары талқыланды. Дегенмен бұл форумдар тек жылына бір-екі рет өтетін шара емес, жүйелі түрде жұмыс істейтін тұрақты алаңға айналса, ұтарымыз көп болмақ.

Қазіргі заманғы технологияларды тиімді пайдалану – жастардың назарын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне аударудың тиімді тәсілдерінің бірі. Бүгінде жастардың негізгі ақпарат алу алаңына айналған «Tik Tok», «Instagram», «YouTube» сияқты әлеуметтік желілер этносаралық келісім мен толеранттылықты насихаттауда белсенді қолданылса, пайдасын көретін едік. Бұл платформалар арқылы жастардың қызығушылығын арттырып, олардың этностық әралуандылыққа деген көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Ассамблея әлеуметтік желілерде жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бейнероликтер, танымдық подкастар, мотивациялық баяндамалар, блогтар әзірлеуі қажет. Мысалы, Қазақстанда тұратын түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрлері туралы қысқа видеоконтенттер дайындау арқылы жастардың ақпаратты тез әрі қызықты қабылдауына жағдай жасауға болады. Сонымен қатар заманауи медиа форматтарды пайдаланып, этносаралық қарым-қатынасқа қатысты жастардың ой-пікірін білдіруге мүмкіндік беретін интерактивті жобаларды іске қосу маңызды.

Ассамблеяның ресми сайты бүгінгі күні ақпараттық ресурс ретінде қызмет атқарғанымен оны жастарға арналған интерактивті платформаға айналдыру керек. Бұл алаң этностар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін түрлі онлайн курстар, викториналар, тестер, пікірталас алаңдары мен мәдени шаралар туралы ақпарат беретін жүйелі кеңістікке айналуы тиіс.

Осы цифрлық бастамалар жастардың этносаралық татулықты сақтауға белсенді қатысуына жол ашып, Ассамблея қызметінің заманауи форматта таралуын қамтамасыз етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа технологияларды белсенді түрде қолданып, ақпараттық саясатты күшейтсе, жастардың ұйым қызметіне деген қызығушылығы артып, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өз үлесін қосары сөзсіз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар саясаты мен білім беру салаларында атқарып жатқан жұмыстары ауқымды әрі өзекті. Дегенмен бұл бастамаларды одан әрі дамыту үшін жаңа технологияларды белсенді қолдану, білім беру жүйесіне арнайы пәндер енгізу, жастар форумдарын тұрақты платформаға айналдыру және олардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе.

Жастар – елдің болашағы. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы оларды этносаралық келісім мен толеранттылыққа тәрбиелеу арқылы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Ал бұл мақсатқа жету үшін білім беру, әлеуметтік желілер мен жастар қозғалыстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Расылхан ДЖУНШЕЕВ,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы
жанындағы
ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі, философия 
ғылымдарының кандидаты