Қоғам

Сайлау – халықтың таңдау құқығының символы

Облыстық сайлау комиссиясы мен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік сайлау күніне орай сайлау құқығына ие жастармен кездесу өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың және саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері мен студенттер қатысты.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтуынша, сайлау процесін ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етіп, сайлау процесін жетілдіру мәселесіне азаматтық қоғам назарын аударуға тырысады.

Ал «Ауыл» партиясының облыстық филиалының басшысы Айгерім Сәрсенбаеваның сөзінше, жастардың белсенділік танытуы, елге жанашырлық танытуы  – мемлекет дамуының басты факторы.

Жиын барысында «Сен сайлаушысың» интеллектуалды сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, жастар барлық сұраққа жауап беріп, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ кездесуде колледж студенттері арасында «Блиц турнир» өтті. Жарыс ережесіне сәйкес әр команда қойылған 5 сұрақтың барлығына жауап беруі тиіс. Жауап берілмеген жағдайда қарсылас командалар қол көтеру арқылы жауап берсе болады. Сайыс қорытындысы бойынша Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері 5 сұрақтың бесеуіне де жауап беріп, жеңімпаз атанды. Ал II орын Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің студент жастарына тиесілі болды. Олар 5 сұрақтың төртеуіне дұрыс жауап берді. Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері     III орынды қанағат тұтты. Қатысушыларға диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ