Жамбыл жаңалықтары

Су тасқынының алдын алу маңызды

Былтыр көктемде Қазақстанның 10 облысын су басып, төтенше жағдай жарияланған болатын. Талайды әбігерге салған су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болып тіркелді.

«Су – тілсіз жау» дегендей, табиғи апаттың айтып келмейтіні белгілі. Алайда төтенше жағдайдың алдын алу – келетін қауіпке тосқауыл болатын маңызды әрекет. Осы мақсатта кеше ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Көктем – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңін бастады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар өтті.

Облысымыздағы тілсіз жауға дайындық барысын баяндасақ, кеше облыс деңгейіндегі бұл іс-шара Тараз қаласының «Қазпоселок» тұрғын алқабының аумағында өтті.

Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің су тасқыны орын ала қалған жағдайда қолданар әрекеті мен дайындығы пысықталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы қатысты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смаиловтың айтуынша, құтқарушылардың жаттығу кезіндегі іс-қимылдары шартты түрде орындалды.

Шартты түрдегі оқу-жаттығу барысында құтқарушылар су басқан аймақта қалған екі балықшы мен «Нива» жүргізушісін құтқарды. Су басқан аумақтағы төтенше жағдайды жою үшін өрт сөндіру бөлімдері, екі өрт сорғы стансасы және секундына 120 литр су айдайтын «АНР-120» көлігін қоса алғанда, бес мотопомпа жұмылдырылды.

Жедел әрекет ету жасағы судың таралуының алдын алу үшін бөгет пен жол жабынын нығайтты. Полиция қозғалысты шектеп, экскаваторлар өзен көпірінің маңын тазалады.

Айта кетсек, жаттығуға төтенше жағдайлар департаменті, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары, облыстық полиция департаменті, медициналық қызмет, «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың қосымша күштері қатысты.

Барлығы 121 маман мен 24 техника жұмылдырылған оқу-жаттығу төтенше жағдайлар қызметтерінің көктемгі су тасқынына дайындығы мен ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін тағы бір дәлелдей түсті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ