Құн салығы неге көтеріледі?
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткізілген брифинг барысында қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру жоспарына түсініктеме берді,деп хабарлайды arainfo.kz сайты egemen.kz-ке сілтеме жасап
Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер бағаға әсер етсе де, ұзақмерзімді перспективада ел экономикасына оң серпін береді. Ол «Үкімет қосылған құн салығын 20%-ға көтеру деген шешімге әлі нақты келген жоқ» деді.
Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесінің артуы тауарлар бағасының шамамен 4,5%-ға өсуіне алып келеді деп отыр. Бірақ бұл өсім уақытша құбылыс болмақ. Мұндайды мамандар «күрделі экономика заңдылығы» дейді. Яғни салықтан түскен қосымша қаржының нақты секторға бағытталатынын жеткізді. Атап айтқанда, қарапайым заттар экономикасы күшейіп, ішкі нарық пен экспорт әлеуеті артады.
ҚҚС көтерілсе, инфляция деңгейі де уақытша өседі. Бірақ Үкімет бұл сынақ кезеңінде халықты қолдауды назардан тыс қалдырмақ емес. Бұған дейін С.Жұманғарин салық реформасымен қатар, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы көлемінің ұлғаюы жоспарланғанын айтқан еді. Бұл – халықтың әл-ауқатын сақтауға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. ҚҚС өсімі ел экономикасына біршама жүктеме әкелгенімен, ұзақмерзімді перспективада елдің экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған қадам.
Үкімет қосылған құн салығын қаншаға көтеретінін әлі анықтамаған. Десе де, ҚҚС-ты 16-20%-ға дейін көтеруі ықтимал. Қосылған құн салығы көтерілсе, тауар мен қызмет бағасы 6-7%-ға қымбаттауы мүмкін. Дегенмен Ұлттық экономика министрі Үкімет халықтың қалтасына қатты салмақ түсірмеуге тырысады деп уәде берді.
Қосылған құн салығы мәселесі Үкімет дайындап жатқан жаңа Салық кодексіне енгізілмек. Ұлттық экономика министрлігі құжатты жақын арада Парламенттің қарауына ұсынуды жоспарлап отыр. Жаңа бюджет салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түсуі көзделген. Бұл қаржы ел экономикасының нақты секторын дамытуға жұмсалмақ. Дегенмен бұл жаңалық ел арасында алаңдаушылық тудырғаны рас. Қазір көпшілікті ҚҚС-тың қанша пайызға көтерілетіні алаңдатып отыр. Бүгінде бизнес үшін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі шамамен 40%-ға жеткен. Министрдің айтуынша, ҚҚС-ты көтеру осы жүктемені 10%-ға төмендетіп, 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлер үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.
Сонымен қатар Үкімет бұл шешімді қабылдаудан бұрын Ұлттық банктің макроэкономикалық моделінің негізінде бірнеше есептеу жүргізген. Бірақ министрдің сөзінше, бұл бағытта нақты түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Сонымен қатар ол ҚҚС-тың мәні бұрмаланып отырғанын атап өтті. Бұл жағдай, әсіресе, бұрынғы жылдары жүргізілген салық реформаларының салдары екенін алға тартты. Салық жүйесінде көптеген ресми «саңылаулардың» пайда болғаны кәсіпкерлерге салық көлемін заңды түрде қысқартуға мүмкіндік берді.