Ер тұлғасы еңбегімен танылар
Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өзінің сара жолымен, сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болар азаматтар көп. Осы ретте елінің болашағы мен кемел келешегі үшін талмай қызмет етіп, саналы ғұмырының 40 жылын білім беру, ағарту саласына арнаған бірегей тұлғалардың қатарында Сейсенбек Әлімбеков те бар.
Сейсенбек Әлімбеков 1945 жылы Жамбыл ауданының бұрынғы Куйбышев ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлімбек ұжымшарда бригадир болса, анасы Ибакүл әртүрлі жұмыстар істеген. Үйдің үлкені өзі, артынан ерген екі інісі және бір қарындасы бар. 1959 жылы бұл отбасы ата-бабаларының бұрынғы қонысы болған Көлбастау ауылына көшіп келеді.
Ол Талапты орталау мектебін бітірген соң 1963 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Екінші курсқа аяқ басқан шақта әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге Украинаның Берегово қаласына аттанады. Үш жыл әскери борышын өтеп, елге келген соң оқуын әрмен қарай жалғастырады.
Алғашқы еңбек жолын 1970 жылы аудан орталығындағы №1 Орджоникидзе атындағы орта мектепте сурет және сызу пәнінің мұғалімі болып бастаған. Екі жылдан кейін Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне ауысып, ұстаздықпен бірге аудандағы сурет шеберханасының меңгерушісі болып 15 жылдай жұмыс істейді. Негізгі мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болса да еңбек жолы сурет өнерімен өрбіді. Өнерінің арқасында көпке танылып, жұмысында да, ортасында да абыройы артты. Сонымен бірге мектептегі және аудан көлеміндегі қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны елеусіз қалған жоқ. Оқу-тәрбие саласындағы жемісті еңбегі үшін 1995 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағы беріліп, төсбелгі иемденді. Одан бөлек көптеген алғыс хатпен, құрмет грамотасымен марапатталған. «Жігіт қадірі өнерімен өлшенсін» деген осы шығар.
Әскерде жүргенінде де өнерімен көптің көзіне түсіп, «Даңқ» мұражайын безендіру ісінде жарқырай көрінді деуге болады. Ал ұстаздық еткен жылдары Б.Момышұлы мемориалдық музейін безендіру ісінде бас суретші қызметін атқарып, әрлеу жұмыстарымен қатар, безендіру жұмыстарын да жүргізді.
«Өмірде түрлі қиындық болады. Даяр тұрған нәрсе жоқ. Бәріне де еңбек арқылы қол жеткіземіз. Талаптанып, атқарамын десең іс көп. Әрине, сурет деген әдемі. Бірақ сол әдемілікке жету үшін үлкен қажыр-қайрат, талмас еңбек қажет. Нағыз өнер оңайлықпен өмірге келмейді. Ал өнер тудырдың екен, оған өлмейтін өмір сыйлау да шығармашылығыңның басты мұратының бірі болу керек. Болашақта суретші болуды армандайтын ізбасарларыма, іні-қарындастарыма айтарым, шыдамды әрі еңбексүйгіш болсаң ғана өнердің шыңына шығасың, – дейді ұлағатты ұстаз.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Сейсенбек ата әлі тың. Студенттік шақта спортпен, оның ішінде бокспен шұғылданыпты. Сүйікті ісі жетерлік. Кез келген істі игеріп алып кететін қабілеті де бар көрінеді.
Өмірлік жары Татьяна Әбдіхалықова екеуін бір арнаға тоғыстырған да осы ұлы мамандық. Жұбайы да ұстаздық жолында қажырлы еңбегімен көпке сыйлы, беделді жан болған. Екеуі отбасында үш ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, олардан сегіз немере сүйіп отыр. Ұстаздық еткен жылдар ішінде талай жастың қанатын қатайтып, қиялын ұштап, үлкен өмірге жолдама берді. Өнерімен ұлы жолға түскен, өз ісін сүйе білген ұлағатты ұстаз бұл күнде қуанышқа бөленіп, өз еңбегінің жемісін көруде.
Бір салада табан аудармастан аянбай қызмет еткен еңбек адамы Сейсенбек Әлімбекұлына мағыналы да мәнді өмірі салтанатты да сәнді жалғасын тауып, денінің саулығы жанының байлығымен жарасып, ғұмырының ұзақ болуына шынайы тілегімізді білдіреміз.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы