Пранктың ақыры немесе ойынқұмарлық орға жығады
Қазақ қашаннан әзіл-қалжыңға жақын халық. Жеңге мен қайны, жезде мен балдыз арасындағы жарасымды қалжың – халқымыздың мәдениетінде ерекше орын алатын дәстүр. Алайда әзілдің де шегі бар. Бұрынғының адамдары қалжыңдасудың әдебін білген. Ал қазір «әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегенді алға тартып, күлдіремін деп бүлдіріп, қалжыңдасамын деп қалың елге мазақ болып жүргендер көп. Соның бір мысалы, жастар әлеуметтік желідегі танымалдылығын арттыру, қаралым санын көбейту үшін қолданатын тәсіл – пранк.
Жаңа заманның «әзіл» үлгісі саналатын пранк бүгінде жастар арасында кең таралған. Ағылшын тілінен аударғанда «қалжыңдау, келеке ету» деген мағынаны білдіретін пранк негізінен алдап-арбауға құрылған әрекет. Пранкті жасаушылар – пранкерлер, ал олардың «құрбаны» көбіне өз жақындары. Бір қарағанда зілсіз әзіл, ойын сияқты көрінуі мүмкін, алайда кейде моральдік шекарадан асып, тіпті қайғылы жағдайларға да себеп болып жатады.
Кейбір пранктер тіптен әдеп нормаларына сай келмейді. Мысалы, анасын туған күнімен құттықтап келіп, оның бетіне торт жағып жіберген баланың әрекеті қаншалықты орынды? Мұны қалжың деуге бола ма, әлде өрескелдік пе? Осындай әрекеттерді көруге дағдыланған жас буын болашақта қандай қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады? «Заманына қарай адамы» дегенмен адамгершілік сынды құндылықтарымыз өзгермеуі тиіс емес пе? Қазіргі пранктер мен қазақы қалжыңның арасындағы айырмашылықты түсініп, арзан күлкі мен шынайы әзілді ажырата алмасақ, ұлттық мәдениетімізге де, адами қарым-қатынас әдебіне де нұқсан келмей ме?
Бала күнімізде біз де достарымызға қалжыңдап, үстіне тіс пастасын жағып немесе шашына клей, сағыз жабыстырып ойнап жататынбыз. Бірақ мұның бәрі құрдастар арасында ғана қалып, шектен аспайтын. Үлкендерге орынсыз әзіл айту әдепсіздік саналатын, ал ата-анамызға қалжыңдасақ, «Мен сенің жеңгең бе едім?» деп бірден тыйып тастайтын. Ал қазір «анама пранк», «әкеме пранк», «жұбайыма пранк» деген атаумен түрлі бейнероликтер түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялау сәнге айналды.
Жақында ғана Ақтөбе қаласында мектеп оқушысы пранк жасау мақсатында әке-шешесіне «мені ұрлап кетті» деп қоңырау соққан. Телефонын өшіріп, үйіне жетемін дегенше қорыққан ата-ана полицияға хабарлап үлгерген. У-шу болып әбіргерге түскен ата-анаға баласы бұл пранк екендігін айтқан. Алайда бұл ұсақ қылмыстық іс ретінде саналып, ата-анаға 100 мыңнан аса айыппұл салынды. Мұндай мысалдар жетіп артылады.
Пранктың жаңадан шығып жатқан кезі-ау деймін. 2018 жылдары бойжеткен қайынсіңлім әкесіне «әке, мені алып қашып кетті» деп телефон соққаны бар. Қайынатамның бірден жүрегі ұстап, ауруханадан бірақ шыққан. Бұл пранк еді. Сол оқиғадан кейін отбасымызда ешкім пранк жасамайтын болды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы Балмира Мырзабайдың да бұл мәселеге байланысты өз айтары бар.
Пранк түсіретіндердің көбі – жастар. Осы ретте жастарды да сөзге тартып, ойларын тыңдап көрдік.
Ескерте кетейік, пранкты жасау барысында тәртіпбұзушылықтар тіркелсе, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтсақ, өрескел пранк жасағаны үшін бірінші ескерту беріледі немесе бес айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынады. Ал тәртіпбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Сондықтан парықсыз пранкке құмар болмайық.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА