Тұрғын үйде тыныштық сақтау тәртібі қандай?
Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындар арасында дау-дамай жиі орын алып жатады. Басты себеп – пәтерде тыныштықтың сақталмауы.
Жуырда Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Азамат Қуаныш пен заңгері Нұрсұлтан Орынбек «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «1001 түн» бағдарламасында сұхбат беріп, көтеріп отырған мәселемізге байланысты көпшіліктің көкейіндегі көп сұрақтарға жауап берді. Мамандар тұрғындар көпшілік біле бермейтін пайдалы кеңестерімен бөлісіп, маңызды ақпараттар берді.
Ал заңгер Нұрсұлтан Орынбек шулау фактісіне жататын әрекеттерді атап өтті. Заңгердің айтуынша, көршілердің шулау оқиғасы анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Тыныштықты бұзу» бабы бойынша іс қаралады. Дегенмен шулау әрекеті деп саналатын жағдайлар заңда нақты көрсетілген. Көпшіліктің ойлағанындай, яғни қатты сөйлеу, айқайлау, баланың жылауы, ойнап, жүгіруі секілді әрекеттер заңбұзушылыққа жатпайды. Ал құрылыс жұмыстарының дауысы, арнайы аппараттар мен музыкалық аспаптардың шуы тыныштықты бұзу санатына енеді. Алайда бұл әрекеттер шұғыл қажеттілікке байланысты орын алған болса, дәлел келтіру арқылы айыппұлдан бас тартуға болады. Сонымен қатар тұрғындардан келіп түскен шағымды қарастыру үшін полиция қызметкерлерінде шу деңгейін өлшейтін арнайы құрал болуы тиіс екен.
Қалаға жақында қоныс аударған Сәтпаевтар отбасы да мазасыз көршілерден жапа шегіп отырғандарын айтады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тыныштықты бұзушылар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша жауапқа тартылады. Атап айтқанда, сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын жайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікке қатысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу құқықбұзушылық болып саналады. Осыған байланысты жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Ал егер құқықбұзушылық анықталмай, жалған шағым беру фактісі дәлелденсе, шағымданушының өзі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни басқа адамның абыройына нұқсан келтіретін немесе беделін түсіретін жалған ақпарат таратқаны үшін жеке тұлғаға 160 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалады. Лауазымды тұлғалар үшін бұл жаза 550 АЕК айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау болып белгіленген.
Жоғарыда айтылған оқиғалар көпқабатты үйлердегі тұрғындардың жиі кездесетін мәселелерінің бірі екенін көрсетеді. Сол себепті заң нормаларына сүйене отырып, көпқабатты пәтерде тыныштық сақтауды қамтамасыз ету – әрбір азаматтың міндеті. Көршілермен сыйласып, ортақ тәртіпке бағынған жағдайда ғана жайлы өмір сүру ортасы қалыптасады. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген халық даналығын жадымыздан шығармай, бір-бірімізге құрмет көрсетейік.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ