Қоғам

Жас сәулетшілер мемлекеттік қызметтен неге қашады?

Жақында ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отырғанын тілге тиек еткен еді. Аудан әкімдіктеріне қарасты бөлімдерде басшылық қызметті өзге мамандық өкілі атқарып отырған саланың бірі – сәулет және құрылыс.

Бір кездері көп өңірде сәулет бөлімдері қаржының жоқтығынан қысқартуға ұшырап кеткен еді. Мемлекеттік қызметте сәулетші мамандардың аздығы аймақтардағы сәулеттендіру жұмыстарына кедергісін тигізбей отырған жоқ. Аудан әкімдіктерінде сәулет және құрылыс бөлімін өзге сала өкілдері басқарып, сәулетші штатында басқа мамандық иелері жұмыс істеп жатыр. Өйткені бүгінде ауданға барып еңбек ететін сәулетші мамандар жоқтың қасы. Облыста сәулетшілер даярлайтын арнайы жоғары оқу орны, факультет бар болса да жас мамандар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуден қашады.

Мәселенің өзектілігін облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев та растап отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, өңір бойынша 371 қала мен елді мекен, оның ішінде 4 қала және 367 елді мекен қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз етілген. Өткен жылы басқармаға қарасты «Сәулеттік бюро» мекемесі тарапынан жалпы 172 жоба қаралса, оның 76-сына келісім берілген. Сонымен бірге 32 жобаға қатысты ұсыныс айтылған болса, 20 жоба қайта пысықтау үшін кері қайтарылған, 44 жобаның сараптамадан өтуіне байланысты қарастырудан бас тартылып, кері қайтарылған. Сол секілді өткен жылы басқармаға түскен 53 жобалық-сметалық құжаттаманың сараптама қорытындысының үш жылдық пайдалану мерзімі өткен. Оның ішінде Қордай ауданы бойынша бір жоба және Шу ауданы бойынша мәдениет үйі, ипподром бойынша 2 жобаға қайта түзету енгізілген. Қалған жобалар жарамсыз болған.

Басқарма басшысы сөз соңында осы жылға жоспарлаған іс-шаралар барысымен бөлісті. Биыл басқарма қалаларда мемлекеттік қала құрылысы кадастры ақпараттық жүйесі арқылы «Сәулет-жоспарлау тапсырмаларын, эскиздік жобаларды келісуді ұсыну» бойынша қызметтерді көрсету үшін қажет етілетін қала құрылысы жобаларын «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ұсынуды ұйымдастыруға көңіл бөлмек. Сонымен бірге ҚР Өнеркәсіп жəне құрылыс министрлігінің «Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі» комитетімен келісілген «Жамбыл облысы бойынша бас жоспарлар мен құрылыс салу және дамыту схемаларына, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізу жөніндегі» жол картасының орындалуын үйлестіру және бақылау жүргізу күшейтілмек. Сондай-ақ тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректерді мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізу бойынша жұмыстарды үйлестіріп, елді мекендердегі әлеуметтік, өндірістік, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы сәулеттік-көркемдік, композициялық келбетінің және саябақ, аллеялар мен скверлердің эскиздік жобаларын әзірлейтін болады.

Сондай-ақ биыл басқарма тарапынан облыс елді мекендерінде «қызыл сызық» нормаларын бұзып, құрылысы салынған нысандарға мониторинг жүргізіліп, облыс көлемінде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары бұзылмауы жіті қадағаланатын болады. Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жүргізілуін үйлестіру, Тараз қаласы мен аудандар аумағында сәулеттік келбеті келіспеген, ұсқыны қашқан (әлеуметтік, кәсіпкерлік) нысандардың, ғимараттардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, жақсарту және қала құрылысы талаптарын қатаң сақтай отырып, ғимараттардың сәулеттік келбетіне әзірленген эскиздік жобаларды басқармамен келісуден өткізу де назардан тыс қалмайды.

Байқағанымыздай, көптеген ауданның бас сәулетшілері мамандығы бойынша архитекторлар емес. Осы тұста «Жастар арасында сұранысқа ие болса да мемлекеттік қызметте маман жетіспеушілігіне не себеп?» деген орынды сұрақ туындайды. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасы меңгерушісі Кенжебай Сұлтанаевтың айтуынша, оқу орнында сәулетші мамандығына түсуге талпыныс білдіретін білімгерлер жыл сайын көбейіп келеді.

Ғалым айтқандай-ақ, мұндағы студенттердің арасында екі қолға бір күрек таба алмай қалған мамандар жоқ десек те болады. Алайда жас сәулетшілердің бәрі де ауданға барып, мемлекеттік қызметте тер төккеннен гөрі жеке кәсіпкерлікпен айналысқанды құп көреді. Кафедраның талантты түлектерінің бірі – Асанбай Сәтбай. Білім алып жүрген кезінің өзінде көзге түскен сәулетші қазіргі уақытта Алматыдағы «Tansu Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде архитектор болып табысты еңбек етіп жүр.

Тараз қаласында да архитекторлық бағытта қызмет көрсететін сән және дизайн студиялары көп. Олардың қатарында «Avara Architects», «Rian», «RBN DEVELOPMENT» «BS ARCHI GROUP» секілді жеке кәсіпкерліктер бар. Аталған компаниялар жамбылдықтарға тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды жобалап, архитектуралық шешімдер, қасбеттерді жобалау және абаттандыру бойынша қызмет көрсетіп отыр.

Өкініштісі, мемлекеттік қызметте бас сәулетші лауазымында өзге мамандық иелері отырғандықтан елімізде жиі кездесетін көлік тұрақтарының, жасыл аймақтардың жетіспеушілігі, тұрғын үйлердің тығыз орналасуы сияқты мәселелер шешімін таппай жатыр. Сайып келгенде, мұның бәрі айлықақының аздығына, аудандарда мамандарға қолайлы жағдайдың жасалмауына келіп тіреледі. Кәсіби маман тапшылығына облыс, тіпті мемлекет көлемінде көңіл бөлінсе дейміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ