Салық мәдениеті салғырттықты көтермейді
Үкіметтің жуырда өткен кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыруды ұсынғаны белгілі. Сонымен қоса ҚҚС шегін 78 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылып, бұл қосымша 300 мыңға жуық жаңа салық төлеушіні қамтуға мүмкіндік беретіні айтылған еді.
Аталған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.
Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.
Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек», – деді.
Бір айта кетерлігі, аталған Үкімет отырысынан кейін қоғамда қосымша құн салығы мөлшерлемесінің 12 пайыздан 20 пайызға өсуі, тіркеу шегінің 78 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салуы мүмкін екені қызу талқыланып, бұл жөнінде қоғам белсенділері, депутаттар, экономистер пікір білдірген болатын.
Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттің жоспарында ҚҚС мөлшерлемесін нақты қанша пайызға көтерілетіні айқындалмағанын айтты.
Қосымша құн салығының мөлшеріне қатысты әлі нақты шешім қабылданбағанымен бұрын ҚҚС ставкасы 20 пайыз болғанын, кейіннен оны 12 пайызға, ал корпоративтік салық ставкасын 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеткен салық реформалары жүзеге асқанын, Үкімет «бұл қате шешім болды» деп осы жүйеге өзгеріс енгізуге талпынып жатқанын ескерсек, халықтың алаңдайтынындай-ақ бар. Не десек те алдағы уақытта салық-бюджеттік саясаттың реформаланатыны айдан анық. Осы ретте біз «Егер ҚҚС мөлшері 20 пайызға көтерілсе және оны төлеу тіркеліміне айналым қаражаты 15 миллион теңгені құрайтын бизнестер іліксе, экономикаға тигізер ықпалы қандай?» деген сұрақты М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Сұлтан Әбілдаевқа қойған едік.
Сұлтан Әбілдаев әңгіме барысында инфляция мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, инфляция – бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасының өсуі. Ол қосымша құн салығының ұлғаюы тұтынушылардың шығынын көбейтіп, нарықтағы бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.
Экономист өз сөзінде қосымша құн салығынан бөлек бюджетті толтыратын амалдың түрі көп екенін, оның бірі ретінде орынсыз шығындарды азайту керектігін ашып айтты. Мысалы, мемлекеттік органдар да тұтынушы, олар да жиһаз алады, қымбат автокөлік мінеді. Осындайға шектеу қойып, шығынды азайту, оңтайландыру керек деп есептейді. Күнделікті жұмысына шенеуніктер автокөлік емес, қарапайым адамдар секілді қоғамдық көлікпен барса, қандай да бір шұғыл жиынға ғана такси қызметін пайдаланатын жүйе енгізілсе, қаншама көлік сатылып, қаржысы бюджетке аударылады, оның жанар-жағармайына, бұзылса, жөндететін шығынына қаржы кетпейді, босап қалған көлік жүргізушісіне лайықты жұмыс табылады, есесіне бұл жағынан мемлекет ұтады деген ой айтты.
Келесі кезекте біз «Әулиеата-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Фарида Жүнісовамен тілдестік. Ол Үкімет қосымша құн салығын көтеріп, жұмыс берушіге әлеуметтік салық және міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау секілді жағдай жасағанша, одан да шағын және орта бизнес үшін бірыңғай салық түрін енгізуі керек деген пікірімен бөлісті.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, магистр, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов та ҚҚС-ның пайыздық мөлшерін бірден көтеру әлеуметтік салаға оңай соқпайтынын айтады.
Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің нақты қанша пайызға көтерілетіні әлі анықталған жоқ. Әзірге қандай шешім қабылданатыны да белгісіз. Десе де біз тілдескен сарапшылардың көкейінде халыққа зияны тимейтін реформа жүргізілсе деген үміт бар.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ