Қалада да, ауылда да бірдей жағдай жасалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикалық ахуалына әсер ететін жаһандық үдерістер туралы айтып, жаңа экономикалық және технологиялық кезеңге дайын болудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Президент елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторларды белгіледі. Осы мақсатта Үкімет жұмысының алдағы бес жылға арналған басты бағыттарын айқындап, ел экономикасын дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Президент халықты әлеуметтік қорғау мен адам әлеуетін дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап, мемлекет бюджетіндегі қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінетінін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау ісін реттеу арқылы денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталып, Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма берді.
Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру, сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтап, қабылдауды міндеттеді. Қолданыстағы заң аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі және сапасы қағидатына негізделуі тиіс болатын. Алайда, өкінішке қарай, шалғай елді мекендердің денсаулық сақтау мекемелерінде, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету нысандарында ауыл халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы төмен, қолжетімсіз екендігін қоғамдық бақылау барысы көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілсе, тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Нәтижесінде барлық ауылдық елді мекендер бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамтамасыз етіліп, сондай-ақ ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздік төмендейді.
2023 жылы облыстық қоғамдық кеңес тарапынан қоғамдық мониторинг жүргізу барысында аудандық орталық ауруханалардың медициналық құрал-жабдықтармен жасақталуы талаптарға сай келмейтіні, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға талаптарға сай қолайлы жағдайлар жасалмауы анықталған болатын. Оның ішінде Меркі ауданы бойынша денсаулық сақтау мекемелерінде сапасыз жүргізілген жөндеу жұмыстарын нормативтік талаптарға сәйкестендіру, аудандық орталық ауруханада дәрігерлерді (тіс емдеуге) тегін дәрілік заттар, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, Сарысу ауданы бойынша ауруханаларды гемодиализ аппараттарымен қамтамасыз етуді қарастыру (бүгінгі күнде емделушілер Тараз қаласына қатынап қызмет алуда), мектептерде медбике штаттарын бекітілген нормативке сәйкес реттеу, газы бар елді мекендердегі медицина мекемелерін газға қосу мәселесін қарастыру туралы ұсыныстар денсаулық сақтау басқармасына жіберілген болатын. Мониторинг жүргізу барысында Мойынқұм ауданындағы емханалардың МРТ, КТ аппараттарымен қамтамасыз етілмеуі, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі анықталса, Тараз қаласы және барлық аудандар бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кедергісіз орта құру, яғни бекітілген стандарттарға сәйкес пандус, жүру жолдары, жеделсаты, тұрақ орындарын орнатып, нысандарды мүгедектігі бар азаматтарға бейімдеу, мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек ұйымдастыру мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар берілді. Кез келген елдің ең басты байлығы – ұлттың саулығы.
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуды, ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Ауыл халқына сапалы, тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы төмендету – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Әйгерім ДӘУЛЕТБАЕВА,
Ұлттық құрылтай және
облыстық қоғамдық
кеңестің мүшесі